$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.07.2021, 09:09
Жаңалықтар

Павлодар облысында үйі жанып кеткен отбасы баспаналы болды

Отбасы 4 бөлмелі үйді көмек ретінде жиналған қаражатқа сатып алды

Павлодар облысында үйі жанып кеткен отбасы баспаналы болды

Май ауданында үйлері толығымен жанып кеткен отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. 

Айта кетейік, 2021 жылдың мамыр айында Кеңтүбек ауылдық округінде орналасқан үйден өрт шығып, тілсіз жаудың салдарынан бір отбасы далада қалған.

Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Серік Бақауовтың айтуынша, баспанасыз қалған Нағымжан Серікқалидың жағдайы әлеуметтік желілер арқылы тараған. «Қайырымды істер» марафоны аясында көмекке келген қаражатпен 1 млн теңгеге отбасыға баспана сатып алынды.

Кеңтүбек ауылының тұрғындары 214 мың теңге, Малайсары ауылдық округі 54 мың, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 175 мың, Павлодар қаласының «Клуб добряков» ұйымынан 530 мың және басқа өңірлерден 230 мың теңгеге көмек көрсетілді.

«Бұл отбасы 2019 жылы оңтүстік өңірден қоныс аударып келген. 3 баласы бар. Нағымжан Серікқалидың жұбайы 4-ші балаға аяғы ауыр. Бүкіл ауыл болып, ел-жұрт болып қайырымдылық іс жасап, қаражат жиналып, 4 бөлмелі үй алып бердік. Оның іші-сыртын жөндеуге жәрдемдесіп жатырмыз. Заттай да, киім болсын әлі де көмек келіп жатыр. Енді жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Бүкіл көмектескен адамдар мен ұйымдарға алғыс білдіреміз. Аталған отбасы да алғыс айтып жатыр», - деді Серік Бақауов.

Сондай-ақ Павлодар облысы бойынша «Қызыл жарты ай» халықаралық қозғалысы мен ауыл тұрғындары тарапынан төсек- орын, балаларға қажетті киім-кешек берілді.

Серіктес жаңалықтары