Алматыда 46 адамнан «дельта» штамы анықталды
Бекшиннің айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық ахуал ушығып кеткен
Алматыда эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлап кетті.Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің сөзінше, маусым айында қалада коронавирус жұқтырудың 3 800 жағдайы тіркелген.
Алматының бас санитарлық дәрігері тұрғындарды эпидемиологтар мен дәрігерлерге жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, қазір санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды: бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу мен вакцина алу. Өйткені «Үнді» штамын жұқтырғандар саны көбейіп барады.
«Жыл басынан бері Алматыда КВИ-дың 55 101 жағдайы анықталды. Ал маусым айында 3 889 жағдайы тіркелді. Өткен аптада коронавирус дерті 1,7 есе өсті. 742-ден 1237-ге дейін. Соңғы тәулікте КВИ-дың 215 жағдайы тіркелді», - деді Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай контагиозды мутацияланған «дельта» штамының таралуына байланысты ушығуда.
Эпидемиологтардың айтуынша, ПТР орташа тәуліктік оң нәтижелері 114-тен 188-ге дейін өсті. Соңғы аптада симптомдары бар КВИ-мен ауыратындардың үлес салмағы 32%-дан 53%-ға дейін артты, бұл COVID-19 "дельта" штамының тез тарайтынын көрсетті.
«Вирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты біз мутацияланған штамдарға зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде КВИ науқастарынан алынған 131 үлгінің 77 "альфа", британдық штамдар, 46 үлгіде "дельта", үнді штамдары анықталды. Сонымен қатар, екі "гамма", оңтүстік африка штамдары мен бір Нью-Йорк, "бетта" штаммы тіркелді. Жалпы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі "альфа" штаммының таралуынан, ал аурудың артуы Нұр-Сұлтан қаласы мен Ресейден әкелінген "дельта" штамының салдарынан», - деді Жандарбек Бекшин.
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қабылданған шектеу шараларын міндетті түрде орындау қажеттігін айтты. Ж. Бекшиннің айтуынша, жалпы дертті жұқтырмаудың жалғыз жолы – вакцина алу мен санитарлық нормаларды сақтау.