Aiqyn газетінің тілшісі үздік журналистік зерттеуі үшін «Үркер» сыйлығын иеленді
Сыйлықты Nur Media холдингінің бас директоры Болат Кальянбеков табыстады

«Қазмедиа» орталығында баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «URKER-2021» ұлттық сыйлығының жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еліміздің әр өңірінен барлығы 340 өтініш келіп түскен ұлттық байқауда Nur Media холдингіне қарасты Aiqyn газетінен Рысбек Қыдырбек «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» жүлдесін жеңіп алды. Сыйлықты Nur Media холдингінің бас директоры Болат Кальянбеков табыстады.
Салтанатты шараға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің еңбегіне алғысын білдірді.
«Ақпарат кеңістігінің қоғам дамуындағы алатын орны да, қосатын үлесі де өте зор. Себебі Медиа тек ресми ақпарат таратудың құралы емес, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік идеологияның өзегі екенін үнемі айтып келеміз. Азаматтық қоғамның қарқынды дамуы журналистердің кәсіби және азаматтық белсендігіне тығыз байланысты», - деді министр.
Айта кетсек, URKER сыйлығына 2017 жылдан бастап барлығы 2 833 жұмыс ұсынылған, оның 248-і шорт-параққа енсе, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 67 өкілі «URKER» естелік мүсіншесінің иегері атанды.
URKER ұлттық сыйлығы – аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, оны насихаттан ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, журналистердің азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.