ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

20 адамнан асатын барлық ұжым вакцина салдыруы керек - ДСМ

Талапты орындамағандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады

көрнекі фото

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру бойынша елімізде 727 жағдай тіркелгендігін мәлімдеді. Бұдан бөлек вакцина алғандардың қатарында да нақты қанша адамның COVID-19-ға шалдыққаны белгілі болды. Мұндай деректер ОКҚ-да өткен брифингте айтылды.

«Вакцинациядан кейін КВИ жұқтырғандар саны 1 437 адамды құрады. «Спутник V» вакцинасының 1-ші дозасынан кейін 978, QazVac-тан кейін - 8, Hayat-Vax вакцинасын алғананнан соң 35 адам коронавирус дертіне шалдықты», - деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Қазір Қазақстанның Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы әзірленіп жатыр. Жаңа қаулыға сәйкес 20 адамнан асатын кез келген ұжымға міндетті түрде вакцинация жүргізу немесе медициналық қарсы көрсетілім болмаса, әр жеті күн сайын ПТР-сынама тапсыру талабы қойылады.

«Республиканың бас санитар дәрігері шығарған қаулыны бұзғаны үшін азаматтар ӘҚБтК-ге сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке және заңды тұлғаға тағылатын айыппұл көлемі бірдей. Демек, қаулы талаптарын орындамаған қызметкер де, жұмыс беруші де 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді», - деді Айжан Есмағамбетова.

Әсел, Оршыбекова, Нұр-Сұлтан