$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.12.2019, 12:25
Жаңалықтар

Допингпен ұсталған спортшылар сыйақылары мен пәтерлерін қайтарады

Тоқаев заңға қол қойды

Допингпен ұсталған спортшылар сыйақылары мен пәтерлерін қайтарады
Фото: ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Дене шынықтыру және спорт комитетіне сілтеме жасап.

Заң допингке қарсы ережелерді бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді», - делінген комитеттің хабарламасында.

Сонымен қатар, допингті пайдаланғаны үшін заңда:

- дисквалификация;

- спортшының спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау;

- ақшалай көтермелеуді қайтару;

- спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату;

- спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату;

- спорттық атағынан айыру;

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу;

- спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған.

Сондай-ақ, заңда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға баспана беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне беріледі.

«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді. Заң қол қойылған соң он күннен соң күшіне енеді. Спортышлар допинг қолданса жарыстан шеттетіліп қана қоймайды, егер ол Олимпиада чемпионы болса сыйақыларын толық қайтарады. Алтын медаль үшін - 250, күміс медальға -150 мың доллар, үшінші орын үшін -75 мың доллар көлемінде сыйақыны да қайтарып береді. Спорттық атақтарынан айырылады. Бұған дейін допингпен ұсталған азаматтарға бұл жаза қатысты емес», - деді  ҚР Спорт және дене шынықтыру комиеті баспасөз қызметінің жетекшісі Раухан Тоғымбаева. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары