Биыл үшінші курсты бітірген: «Сайрам-Өгем» шатқалынан табылған атыраулық студент туралы

Бір ай бұрын 7 турист «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған, 28 мамырда жоғалған жетеудің үшеуі тірі табылды

Биыл үшінші курсты бітірген: «Сайрам-Өгем» шатқалынан табылған атыраулық студент туралы
марқұм Нұрдәулет Наурызбай, фото: azh.kz

22 маусым сағат 11:45-те құтқарушылар Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты «Сайрам-Өгем» шатқалында тағы бір адамның мәйітін тапты. Марқұмның денесі тікұшақ арқылы Шымкент қаласына жеткізіліп, туыстары мәйітті таныды. Ол «Сайрам-Өгем» шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірі - Атырау облысының тұрғыны.

«Ақ Жайық» басылымы кеше Түркістан облысының Сайрам-Өгем шатқалынан табылған мәйіттің атыраулық Нұрдәулет Наурызбайға тиесілі екенін хабарлады. Мәліметті марқұмның туыстары растаған.

22 жастағы Наурызбай Нұрдәулетов Назарбаев университетінің студенті болған. 3-курсты бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтаннан Атыраудағы үйіне келіп, 19 мамырда группаластарымен бірге Шымкентке, одан әрі төрт күнге Түркістан облысының тауларына туристік жорыққа шығуды ұйғарады. Олар 24 мамырда оралуды жоспарлаған, бірақ тауда жоғалып кетті.

Олар 27 күн бойына іздестірілді. Жоғалған жетеудің үшеуі 28 мамырда тікұшақпен шолу кезінде тірі табылды. 29 мамырда құтқарушылар қаза болған екі туристің мәйітін тапты, тағы бір мәйіт 12 маусымда табылды. Бүгінгі күнге дейін құтқарушылар Наурызбайды іздеді.

Құтқарылған студенттердің айтуынша, жолдастарының бірі ауырып қалғаннан кейін, олар екі топқа бөлінген. Үшеуі көмек күтіп қалып, төрт студент құтқарушылардан көмек сұрауға шығып, қаза болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.