«Сайрам-Өгем» шатқалынан табылған мәйітті туыстары таныды
Ол жоғалған студенттердің бірі - Атырау облысының тұрғыны
Бүгін сағат 11:45-те құтқарушылар Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты «Сайрам-Өгем» шатқалында тағы бір адамның мәйітін тапты. Оқиға орнына Төлеби аудандық полиция бөлімінің тергеу тобы барды.
Марқұмның денесі тікұшақ арқылы Шымкент қаласына жеткізіліп, туыстары мәйітті таныды. Ол «Сайрам-Өгем» шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірі - Атырау облысының тұрғыны.
Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.
28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
8 маусымда Өгем өзенінің бойынан жоғалған студенттердің заттары табылды.
12 маусымда Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірінің денесі табылды.