$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.06.2021, 15:32
Жаңалықтар

Алматы облысында қодас өсіру қолға алынды

Тың жобаның мақсаты  -  қазақстандық «Сафариді» қалыптастыру арқылы шетелдік туристерді тарту

Алматы облысында қодас өсіру қолға алынды

Алматы облысында қодас өсіру қолға алынды. Инвесторлар ұсынған тың жобаны облыстық әкімдік қолдап, Райымбек ауданындағы таулы өлкеден 20 мың гектар жер бөлген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Эко және этнотуризмді дамытуға Райымбек ауданының табиғаты қолайлы. Тың жобаны қолға алған кәсіпкерлер қодас санын екі мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Теңіз деңгейінен 3,5 - 4 мың метр биіктікте жатқан Текес пен Құтырған өзендерінің бастауы қодас өсіруге қолайлы. Қырғызстанның таулы өлкесінде жүретін жабайы қодасқа қажетті азық осы Райымбек ауданына қарасты Іле алатауында да аз емес. 

Жаңа жобаның түпкі мақсаты - қазақстандық «Сафариді» қалыптастыру арқылы шетелдік туристерді тарту. Аймақтық үйлестіру кеңесі мақұлдаған жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, туристер тоқтайтын заманауи қызмет көрсету орындарды салынды. 

«Райымбек ауданы туризмге өте қолайлы жер. Әсем табиғаты, таза ауасы, көз тоймас көрікті ландшафты аз емес. Қарағайлы шатқалдар, әдемі өсімдіктер туристерге, шетелден, елдің өзге аймақтарынан шыққан кез келген қонаққа адреналин сыйлайды. Аудан Қырғызстан және Қытаймен шекаралас. Қырғызстанмен шекаралас таудың басында қодас өсіріп, туризмнің өзге түрін жандандыруды қолға алып жатырмыз. Этно және экотуризмді өзгеше жағынан дамыту  «Сафари Тау Шелек» компаниясына тапсырылған. Бұл жер Райымбек ауданының орталығына 80 шақырым жерде орналасқан. Бүгінгі таңда аталған орынға жеткізер жолдың сапасын жақсарту жұмыстарын қарастырып жатырмыз. Жеке кәсіпкерлер мен әкімшіліктің бірлескен қызметінің нәтижесінде көркем өлкеге қатынар жолдың жайы жақсарады»,- деді Алматы облысы Райымбек ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басышысы Абылай Бақытжан.

Қазақстанның бүлінбеген өлкелерінің бірі – Текес пен Құтырған өзендерінің бастау алатын жері. Жабайы табиғатты жаны сүйетін жандар үшін таптырмас мекен. Инвесторлардың сөзінше, мұнда сан түрлі өсімдіктерден бөлек тауешкі, арқар, бұғы, сілеусін, қар барысы, қабан, қасқыр сынды көптеген аңдар бар.

Өлкенің табиғи келбетін сақтауды басты мақсат қылған инвесторлар бұл жаққа адамдардың жаппай ағылуына аса ынталы емес. Жетер жолдың қолайсыздығына қарамастан қазақстандық сафариге қызығушылық танытып, Ақсу жайлауын көргісі келетін туристер саны көп. 

«Жаздың үш айында ғана туристерді қабылдаймыз. Қыста қар екі метрге дейін жауады, сондықтан қолайсыз. Жаз мезгілінде қонақтарға қызмет көрсететін қолайлы, ыңғайлы орындар салынды. Болашақта таудың басына құны 5-6 миллион теңгелік шағын ағаш үйлерді тұрғызамыз. Тау басына түнеген турист үйдің ішінде жатып-ақ айналадағы табиғатты түгел көріп тұрады. Этноауыл жобасын іске асыруды бастадық. Алдағы уақытта қазақ үйлердің санын жиырмаға дейін жеткіземіз. Келген қонақтар саумал ішіп, қодастың етін жеп, аңға шыға алады. Қазіргі уақытта бізге мемлекеттен қаржылай қолдау керек емес, өзіміздің жеке қаражатымыз арқылы жобаны жүзеге асырып жатырмыз», - деді «Сафари Тау Шелек» ЖШС директоры Азат Саматұлы. 

Райымбек ауданында қазір 5 демалыс орны нақты жұмыс істеп тұр.  «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоған сай», «Ақкөл» және «Сафари Тау Шелек»  демалыс орны. Бірақ бұл орындар аса танымал болмағандықтан көрші Кеген ауданымен салыстырғанда келушілер аса көп емес. Қайыңды мен Көлсайға күн сайын мыңдаған адам барады. Демалыс орындары ғана емес, ауданның ауылдары да туризм арқылы табыс табуға бейімделіп алған. Тек биылдың өзінде  көлге ағалған адам саны 50 мыңға жуықтаған. Ал Райымбек ауданына барған туристер саны он мыңға да жетпейді. Себебі, таудың басындағы туристік орындардың танымалдығы енді ғана артып келеді. 

«Тау шатқалдары мен қоршаған мекеннің тұмса табиғаты таңдай қақтырады. Биіктіктен құлай ағатын «Күркілдек» сарқырамасы, одан жоғары кіші сарқырамаға бардық. Атқа мініп сайды өрлей шапқан, сылдырлаған бұлақтардың үлкен өзенге айналғанын көру керемет екен. Бұл аумаққа келген адамның жүйкесі демалып, табиғаттерапиясын алады. Қолдан құйғандай әдемі екен, таңданысымды жасыра алмаймын. Алыс болса да, тау басына тек қиын жолдар арқылы жету керек болса да келгеніме өкінбеймін. Суы да, тамағы да сіңімді. Әсіресе ауылдың құнарлы тағамдарын сағынып қалыппын», - деді Жанна есімді турист.   

ибеттің қия беттері мен қырғыз тауларының басын мекендейтін қодасты жерсіндіру жұмыстары басталып кетті. Инвесторлар елуден астам қодасты әкелгенмен, оны асыраудың қыр-сырын әлі толық меңгермеген. Сондықтан тау басындағы қодасты қараумен әзірге қырғыздар айналысып, туристерді атпен серуендету жергілікті жігіттердің еншісіне тиген. Аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданған жобаның алғашқы кезеңі толықтай аяқталды. Жобаның келесі кезеңі – интераңшылық.    

«Орта есеппен мұнда аптасына 25-30 көлікпен турситер келеді. Сонда келушілердің саны 100 адамнан асады. Алдағы уақытта 6, 8 және 12  қанатты қазақ үйлердің санын көбейтеміз. Қодастардың санын екі мыңға дейін жеткізу жоспарда бар. Өйткені, қодас қырғыздардан біз жаққа асып келеді де, шөпті жеп, тойынған соң қайтып кетеді. Сондықтан жабайы қодастардың осы жақта тұрақтап қалуы үшін, олардың санын арттыру үшін тәжірибе жинап жатырмыз. Қодас қолдың сиыры емес, сондықтан қысы-жазы еркіндікте жүретін жануарды жерсіндіру, қажетті күтімін жасау оңай емес. Әзірге жобаны өз қаражатымызбен іске асырып жатырмыз. Болашақта мемлекеттен субсидия алуымыз мүмкін. Әлемде сұранысқа ие туризмнің бірі – интераңшлық. Ол мемлекетке де қомақты қаржы түсіреді. Бұл біздің келесі қадамдарымыздың бірі болмақ», -деді Азат Саматұлы. 

Эко, этно сынды туризмнің төрт-бес бағытын қатар қолға алған жобаның бастапқы кезеңін іске асыруға 50 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары