Қазақстандағы заңсыз қоқыс полигондары мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын әкелген
Елімізде қалаға және оған жақын орналасқан аудандардың аумағынан 8 800 рұқсат етілмеген қоқыс төгу нүктелері анықталды
Қазақстандағы заңсыз қоқыс полигондары мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын әкелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Салалық министрлік заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижелерін ұсынды. Еліміз бойынша 2020 жылы 23 ірі қаланың айналасына ғарыштық бақылау арқылы мониторинг жасалған. Оның нәтижесінде қалаға және оған жақын орналасқан аудандардың аумағынан 8 800 рұқсат етілмеген қоқыс төгу нүктелері анықталған.
Қазақстанда қазір осындай стихиялық қоқыс төгу алаңдарының 80%-ы жойылған. Ғарыштық мониторингпен ауданы 250 шаршы шақырымды алып жатқан 35 ірі елдімекеннің айналасы тексерілді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елдімекендер төңірегінде заңсыз қоқыс үйінділерін жою және оларға жол бермеу бойынша ведомствоаралық жоспар құрды. Мамандардың айтуынша, 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 787 қоқыс орны жойылды. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінен заңсыз қоқыс үйінділерін жоюға шамамен 100 млн теңге бөлінеді екен.
Қоқыстың заңсыз төгілу проблемасын шешу жаңа экологиялық кодексте де күшейтіліп отыр. Вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, елімізде шығатын қалдықтар көлемі күн сайын өсіп келеді. Оны шешудің бірден бір жолы – қалдықтарды энергияға айналдыру, дейді сала мамандары. Жақында қалдықтарды қуат көзіне айналдыру жобалары бойынша аукцион жарияланып, инвесторлар іздестіріле бастады.
Қазақстанда 2025 жылға дейін Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында қоқысты өртеп, одан энергия алатын зауыттар салынады. Кәсіпорындар құрылысы инвесторларды тарту есебінен жоспарланып отыр. Аталған алты кешеннің құрылысына тартылатын инвестицияның жалпы көлемі - 181 млрд теңге.
Заң талабы бойынша ауаға зиянды заттар шығарындылары еуропалық стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ болашақ зауыттардың осы талаптарға сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқаруға қатысты ұсынылып отырған жүйені енгізу барысында қоқыс полигондарына балама енгізу есебінен мемлекеттік бюджетті 5 жыл ішінде 5,4 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қоқыстан энергия алу зауыттары жыл сайын 5 млн тонна қатты тұрмыс қалдықтарын қайтадан кәдеге асыруға жол ашады. Соның нәтижесінде 2024 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін 30%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы