«Дельта-штамм» салдарынан Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін
КВИ-дің бұл штамы әзірге тек елордада анықталды
Дәл қазір Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жуырда ведомствоаралық комиссия отырысын өткізетінін, онда Нұр-Сұлтан қаласында және басқа да өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту мәселесі қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қазір тұрақты.
«Вирустың репродуктивті индексі 1-ге тең, бірақ біз әлемдегі және шекаралас елдердегі жағдайдың қандай екенін бақылап отырмыз. Яғни, коронавирустың жаңа штамдары тез таралады. Нұр-Сұлтанда скрининг жүргізіліп, министр Цой мұнда «дельта штаммы» бар екенін айтты.
Осыған байланысты барлық аймақтарда мониторингтік топтардың жұмысын күшейту керек, ал қоғамдық орындарға келгендер қорғаныс шараларын қатаң сақтауы қажет. Сондай-ақ, өңірлердің әкімдері, барлық мемлекеттік органдар жағдайды бақылауы тиіс», - деп түйіндеді Тоғжанов.