Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді – министрлік
2020 жылы алғаш рет 5 мәдениет ұйымына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді
2020 жылы тарихта алғаш рет 5 мәдениет ұйымына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді, олардың ішінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.
Сондай-ақ мәдениет ұйымдарының кәсіби деңгейін көтеру және ерекше мәртебе беру мақсатында Тәуелсіздік жылдары 9 театрға Үкімет қаулысымен «Академиялық» мәртебесі берілді.
«Бүгінгі күні Қазақстанда 65 театр қызмет атқарады, оның 53-і - мемлекеттік театр. Тәуелсіздік жылдары елімізде 22 мемлекеттік театр ашылып, Орал, Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Шымкент, Талдықорған, Түркістан қалаларында 9 театрға заманауи жаңа ғимарат салынды. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Музыкалық жас көрермендер театры ашылса, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры республикалық деңгейге өтіп, ұжым жаңа ғимаратқа көшті. Сонымен қатар, Түркі әлемінің астанасы ретінде ресми түрде мойындалған Түркістан қаласында биыл Түркістан музыкалық-драма театры ашылып, арнайы салынған жаңа ғимаратта өз жұмысын бастады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық әрбір шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.