Қазақстан Украинаға QazVac вакцинасын жеткізуге дайын – министр
Сауда және интеграция министрі Украина үкіметінің басшылығымен бірқатар кездесу өткізді
Киев қызығушылық танытқан жағдайда, Қазақстан QazVac вакцинасын жеткізуді қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір барлық елдің алдында «Ковидтік тыйымдардан кейін ашылып, өзара қарым-қатынасты жалғастыру» деген басты міндет тұр. Бұл міндетке қол жеткізудегі маңыздысы –халықты жаппай вакцинациялау. Қазақстан – COVID-19 коронавирусына қарсы өз вакцинасын өндіретін санаулы елдердің бірі. Адамның аденовирустық векторлары платформасында жасалған QazVac вакцинасы 96%-дан астам тиімділікке ие. Киев қызығушылық танытқан жағдайда біздің вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуге дайынбыз», - деп атап өтті министр өзінің Facebook-парақшасында.
Ол сондай-ақ, QazVac жеткізу мүмкіндігін Украина Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Виктор Ляшкомен кездесуде де талқылағанын айтты.
Айта кетсек, Бақыт Сұлтанов Қазақстанның мүддесін алға тарта отырып, Украина үкіметінің басшылығымен бірқатар кездесу өткізген болатын.