Павлодар облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейден көз ашпай отыр
Биыл ауданда маса мен шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарына 1,3 млн теңге бөлінген
Ауыл тұрғындары шіркей мен маса күнделікті шаруаны істеуге бөгет болып тұрғанын айтуда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл жағдайға әбден ашынған ақтоғайлықтар Мүткенов ауылында терезе мен қабырғаларда тұтастай үймелеп тұрған шіркейдің видеосын жолдап отыр.
Жергілікті тұрғын Жолдыбай Қалиақпаров ауылда шіркейге қатысты жағдайдың қиындап тұрғанын айтады.
"Малға да, жанға да қиын болып қалды. Оған қоса, маса бар. Кешке тіптен құтырады. Енді сона шыға бастады. Маса жылда болатын. Биыл енді тым көп болып кетті. Қыстан өзі әупірімдеп шыққанбыз. Алдымыздағы бірнеше сиырмен күн көріп, жазда малдың сүтіне қарап отырмыз. Қазір малда не күй жоқ, не сүт жоқ. Жылда улағаннан кейін нәтижесін көретінбіз. Биыл жөнді улау жүргізілгенін байқамадық. Маса мен шіркей қалай көбейіп алды, содан бері саябырлаған емес, - деді Жолдыбай Қалиақпаров.
Айтуынша, әдетте жылда мамырдың соңына қарай шіркей, кейін маса шығып, 1-2 жұмада кететін. Ал биыл қансорғыштар мүлдем құтырып кеткен.
Ауыл тұрғындары тіпті есік алдына шаруасын атқаруға да шыға алмай қалған. Көшеде бет-ауыздарын бүркеп жүруге мәжбүр.
"Сыртқа торлармен бүркеніп шығамыз да, тез-тез ісімізді тындырып, қайта кіреміз. Қысқыға дайындалып, жөндеу жұмыстарын жүргізу де тоқтап қалды. Түн ортасында тұрып, мал қораға от жағып, түтін шығарамыз. Сырттан келген адамдар шіркейлерді көріп, шошып кетеді. Қаладағы туыстардың бала-шағасы демалысқа келіп, мәз-мейрам болатын едік. Ол да қалды. Маңайдағы ауылдарда да жағдай осындай екенін естіп жатырмыз", - деді ауыл тұрғыны.
Қарша борап тұрғындарды мезі қылған шыбын-шіркейдің беті қашан қайтатыны туралы сауалға Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машрықов нақты жауап бере алмады. Биыл ауданда маса мен шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарына 1,3 млн теңге бөлінген.
"Менің ойымша, маса жылда болды, биыл да солай тұр. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін Қожамжар ауылында улау болады. Ертең Мүткеновке жетуі тиіс. Жағдайдың қашан реттелетінін айта алмаймын", - деп Ермек Машрықов қысқа қайырды.