Мектеп бітіру кешін өткізген білім мекемесіне 670 мың теңге айыппұл салынды
«Айқанат» мектебінде өткен шарада санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылған
Ақмола облысы Шучье қаласында былтыр ғана ашылған «Айқанат» мектебіне карантин талаптарын бұзғаны үшін қомақты көлемде айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, 14 маусым күні Шучье қаласындағы дарынды балаларға арналған «Айқанат» мектеп-интернатында мерекелік мектеп бітіру кеші өткен.
«Аталған шара коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің алдын алу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұза отырып өткізілді. Бұл факті бойынша Бурабай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Бурабай ауданының полиция бөлімінің рапорты негізінде ҚР ӘҚБтК 802-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, "Айқанат" білім беру мекемесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша 230 АЕК (670910 тг.) әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды», - делінген хабарламада.