«ҚазАвтоЖол» Алматы облыстық филиалының директоры қайтыс болды
Жаңабай Қобыландин 1959 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген
Осыдан бір ай бұрын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры болып тағайындалған Жаңабай Қобыландин 62 жасында қайтыс болды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы құрметті жолшы, ардақты азамат Қобыландин Жаңабай Нағымұлының мезгілсіз қазасына байланысты барша туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
«Жаңабай Нағымұлы бар ғұмырын еліміздің автожол саласына арнаған аптал азамат еді. Әрдайым бай тәжірибесімен, білімімен және жоғары кәсібилігімен ерекшеленетін. Автожол саласындағы игі жобаларды табысты іске асыруға ұйытқы бола білді. Адамгершілігі мол, адал әрі әділ жан еді», - делінген көңіл айту хатында.
Ж.Қобыландин 1959 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1981 жылы «Казсельхозмеханизация» ҮЕҰ инженер-конструкторы, ғылыми қызметкері болып бастаған болатын.
1993-2013 жылдары «Жаңалық» көпсалалы шағын кәсіпорнының директоры, «Шалқар» ұжымдық кәсіпорнының және басқарма төрағасы, «Қазақавтожол» РМК Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары, «Қазақавтожол» РМК Ақтөбе және Ақмола облыстық филиалдарының директорлары қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ 2013-2018 жылдары - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Ақмола облыстық департаментінің директоры. 2018 жылдан бастап «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның үш бірдей облыстық филиалдарында директор лауазымында болды.
2020 жылдың наурызынан бастап 2021 жылдың мамырына дейін Қазақстандағы LTD CITIC Construction Co филиалы директорының орынбасары қызметін атқарған.