Вакцинаның екі компонентін 113 мың астаналық алды
Нұр-Сұлтанда вакцинация пунктерінің саны үш есеге артқан
Вакцинацияны арттыру, сондай-ақ елордада егу орталықтарының ашылуы өз нәтижесін беруде. Нұр-Сұлтанда вакцинаның 1 компонентін 170 мыңнан астам адам алды, ал 113 мың адам толық иммундаудан өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қазіргі уақытта 170 мыңнан астам адам вакцинаның 1 компонентін алды (тиісті контингенттің 26%-ы). 113 мыңнан астам азамат (тиісті контингенттің 18%) иммундау курсын толық аяқтады. Қазір вакцинаның бірінші компонентінің 59 мыңнан астам, екінші компоненттің 55 мыңнан астамы бар», - деді Әлия Рүстемова.
Нұр-Сұлтанда вакцинация пунктерінің саны үш есеге артқан. Ал вакцинаның үш түрі бар: ресейлік Спутник-V, отандық QazVac және қытайлық – Hayat-Vacs.
Сондай-ақ, қала тұрғындарына вакцинацияның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 8 сауда ойын-сауық орталығында («Хан-Шатыр», «Mega Silk Way», «Керуен», «Абу Даби Плаза», «Азия парк», «Сары-Арқа», «Еуразия», «Мечта» дүкені) және «Әлем» сауда орталығында егу пункттері ашылды.
Ведомство басшысы сөзін қорытындылай келе сауда үйлерінде орналасқан вакцинация пунктерінде 29 мыңнан астам адам екпе алғанын атап өтті.