Белгілі заңгер Ислам Әбішевті мерзімінен бұрын босатуға әсер еткен екі факторды атады
Экс-шенеунік осыдан бірнеше күн бұрын шұғыл түрде колониядан ауруханаға жеткізілді

Нұр-Сұлтан қалалық сотының аппелияциялық алқасы Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырды. Бұл туралы белгілі заңгер Абзал Құспан мәлімдеді.
Белгілі заңгер Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Ислам Әбішевтің қазіргі денсаулық жағдайы және оны мерзімінен бұрын босатуға әсер еткен факторлар жайлы айтты.
«Үш рет әрекет жасалып, төртінші жолы біздің өтінішіміз қанағаттандырылып отыр. Алдында хабарланғандай, шешім жариялау күні 4 маусымға қалдырылған болатын. Бірақ аяқасты бүгінге ауыстырып, мерзімінен бұрын босату туралы өтініш қанағаттандырылды. Бұл – апелляциялық алқаның қаулысы. Қаулы жарияланған сәттен бастап, яғни, бүгіннен бастап күшіне енеді.
Ислам Әбішевке «екіжақты пневмония» диагнозы қойылды. Ол енді ұзақ ем алады. Жаңа ғана қасында отырған жарына хабарласып, сөйлестім. Ауыр жағдайда ауруханаға түскен ол қазір жағдайым жақсы екенін айтты. Дем жетпей қалу, талып қалу жағдайы тоқтаған. «Ауа жетпей жатқан кезде о дүниеге кетіп қаламын деп ойладым» дейді ол кісі. Оңай емес. Қазір тек жөтел бар және өпесі қатты зақымданған», - деді ол.
Ислам Әбішев ақпараттық қолдау көрсеткен журналистердің бәріне алғысын айтты.
«Өз басым шартты түрде босату туралы шешімнің қабылдануына 2 фактор әсер етті деп ойлаймын. Олар: ақпараттық қолдау және ол кісінің денсаулық жағдайы. Аурухана басшылығына хабарласып, жағдайды тексерді деп ойлаймын.
Колонияда бақилық болып кетіп жатқан адамдар көп. Ақпараттық қолдау болмаса, былайша айтқанда, олардың сұрауы да жоқ. Қоғамдық қолдаудың арқасында объективті шешім шықты», - дейді Абзал Құспан.
Ислам Әбішевтің қылмыстық ісін адвокаттар Макиш Есқараев және Ерлан Макенов жүргізді. Ал Абзал Құспан халықаралық ұйымдарға хат жазып, істің басы-қасында жүргенін айтты.
«Шартты түрде мерзімінен бұрын босату жазасының мәні – шартты түрде үй жағдайында жазасын өтеуді білдіреді. Он күнде немесе бір айда бір рет есеп беріп отырады», - деді Абзал Құспан.
Еске сала кетейік, 31 мамырда колонияда жазасын өтеп жатқан экс-шенеунік Ислам Әбішевтің ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Ислам Әбішев 2014-2019 жылдар аралығында АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2019 жылы 16 наурызда экс-шенеунік Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкиевпен бірге 60 миллион теңгеден астам ақшаны бопсалау жолымен пара алды деп күдікке ілінген. 2020 жылы 18 ақпанда Әбішев 5 жылға, Түкиев 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан