«Білім алып жатқан жоқ, шөп жұлып жүр!». Ата-аналар Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығына шағымданды
Студенттер жазғы практиканың орнына арамшөп жұлып кеткен
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жазғы практикадан өтіп жатқан студенттердің ата-анасы және олардың өзге де туыстары шағымданды. Деканат пен ректораттағылар студенттерді жазғы тәжірибе орнына шөп жұлуға жіберген.
Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне аталған ЖОО-да тәжірибеден өтіп жүрген студенттің туыс әпкесі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек айтып берді. Сіңлісінің аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған қоғам белсендісі осы мәселе бойынша бірнеше ата-ана шағымданғанын жеткізді.
«Сіңлім «университеттегі практикаға барғым келмейді» деп анасына шағымданды. Себебі, мамандық бойынша тәжірибеден өтудің орнына шөп жұлып жүр. Мен өз тарапымнан бауырларымның оқу үлгерімін қадағалап, қамқорлық көрсетіп отыруға тырысамын. Сондықтан жағдайға қанықпын. Сіңлім сияқты басқа да студенттердің ата-анасы маған шағымын айтты. Себебі, олар университет басшылығынан жауап ала алмаған», - деп түсіндірді Айгүл Орынбек.
Қоғам белсендісі университеттегі жағдайды баяндап, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жүгінді.
«ЖОО деканы Гүлмира Исабекқызы үлкен оқу орнында суару бойынша макет жоқ екенін ашық айтты. Сонда студенттерге қалайша өндірістік тәжірибе өткізіп жүр? Тек арам шөп жұлып, саябақтарды тазалап берсе болды ма?
Бізден мықты мамандар неге шықпайды? Себебі, суару жүйесін үйренудің орнына арам шөп жұлып жүреді! Мейлі жұлсын, тазаласын, еңбекке баулысын! Ал игеріп шығу керек мамандық ше, жайына қалады ма?
Асхат Аймағамбетов мырза, әлемдік деңгейдегі оқу орнында өндірістік іс-тәжірибелік макеттер жоқ екен! Студенттер өз мамандықтарының қыр-сырын тәжірибе түрінде үйренудің орнына, шөп жұлып жүргені дұрыс па?» - деп жазды Айгүл ханым.
Azattyq Rýhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін Оңтүстік Қазақстан университетінің баспасөз хатшысы Нұрбек Байбосынға хабарласты.
«Бірден айтайын, ешкім комментарий бермейді. Себебі, ол жазбалар негізсіз. Кім айтты, не айтты, не керек сол! Жоқ комментарий, болды», - деді Нұрбек Байбосын.
Айта кетерлігі, шағымданған 2-курс студенттерінің арасында «географ» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер бар.
«Құрметті, Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығы! Сіздің назарыңызды біздің волонтер емес екенімізге аударғым келеді! Менің мамандығым – «ғылыми география» саласы. Арамшөп жұлғаннан не үйренемін, түсінбеймін. Жер туралы және басқа сұрақтардың жауабын іздеп келген едім», - деп жазған, анонимді студенттің бірі.
«Менің қызым 2-курсты аяқтады. Тәжірибе басталды деп, дендросаябаққа жіберді. Қинап, қорқытып, ол жерде арамшөп жұлғызып жатыр. Басқа – «туризм» факультетінің студенттерін қонақ үйлерге жіберіп, туалет тазалатып жатыр екен. Не деген бассыздық?» - деп шағымданған ата-ананың бірі.
Сәл кейінірек М.Әуезов атындағы ОҚУ «Аграрлық» факультетінің деканы Гүльмира Исатайқызы Елибаева ата-аналардың шағымына қатысты жауап берді.
«Өз саласының маманы болып қалыптасу үшін студенттер оқу практикасында мамандығы мен егжей-тегжейлі танысу қажет. Осыған орай М.Әуезов атындағы ОҚУ «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша білім алатын студенттер суғару жұмыстары бойынша оқу тәжірибе жұмыстарына қатысқан болатын. Болашақ жас мамандар
онда суды қалай алады, оны қай салаға қарай тасымалдап бағыттайды және де су көзінің қайдан алынатындығымен жіті танысты. Себебі студент жастардың өз саласын меңгеруі қажет. Ал «Аграрлық» факультеттің Қайнар ауылдық округінде орналасқан Агроөнеркәсіптік кешенінде суармалы 2,8 га жерге суару жұмыстарын жүргізуге араласу мамандығының білу қабілетін арттырады. Су көзі қайда орналасқаныын суармалы жерге қалай су берілетіні, су ресурстарын қалай үнемдеуге болатындығын шағын аумақ негізінде үйретеді. Оқу практикасында су шаруашылығы салаларына экскурсия жасау қарастырылған», - делінген жауапта.