Шарын шатқалындағы қайғылы жағдай бойынша екі қылмыстық іс қозғалды
Оқиға салдарынан екі адам мерт болды
Екі адамның өмірін қиған Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша - Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер;
Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігі бойынша - Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау, абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан іс-әрекет.
Еске салайық, 29 мамырда Шарын шатқалында жүріп өткен сел салдарынан экскурсияға барған бір оқушы мен мұғалім көз жұмды. Сондай-ақ сел ағызып әкеткен 11 жастағы оқушы 3-4 шақырым жерден табылды.
Мемлекет басшысының жарлығымен адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Мерей Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.