«Күніне 5 мың теңге табамын» - аттракционды жалға беріп жұмыс істеп жүрген 9 жасар бала

Елордадағы Орталық саябақта ала жаздай жұмыс істеуге ниетті балалар туралы 

«Күніне 5 мың теңге табамын» - аттракционды жалға беріп жұмыс істеп жүрген 9 жасар бала

Жыл сайын 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтеді. Бұл - 1950 жылдан бастап ресми және халықаралық деңгейде тойлана бастаған, 71 жылдық тарихы бар айтулы дата. 

Балаларды қорғау күні – бұл тек көңілді мереке ғана емес, сонымен қатар бүлдіршіндердің құқықтарын қорғау қажеттілігі туралы қоғамға ой салатын күн.  

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық саябаққа барып, жаз бойы жұмыс істеуге сақадай сай бір топ балалармен тілдесіп қайтты. 

Саябаққа кіреберісте түрлі-түсті мақта сатып тұрған Ақниет жұмыс істеп тұр. Ол қаражат табу үшін Алматы облысы, Жаркент қаласы, Нағарашы ауылынан арнайы келіпті. 

«Елордаға келіп, осы саябақта жұмыс істеп жатқаныма 2 ай болды. Төртінші тоқсан онлайн форматта өткендіктен, жұмыс пен сабақты үйлестіру қиынға соқпады. Сабақ бар кездері түскі сағат үште келіп, түнгі 11-ге дейін сауда жасайтынмын. Қазір таң ата келеміз, түнгі 11-лерге қарай қайтамыз. Күніне шамамен 5 мың теңге табамын. Мен қазір 16 жастамын, сол себепті жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсатым бар. Дүкеннің санитарлық кітабы, құжаты бәрі түгел. Бізді үнемі тексеріп тұрады», - дейді Ақниет.

Алматылық жасөспірім мына шағын дүңгіршекте туысқан әпкесімен бірге тәттілерді сатумен айналысады. Осылайша 5 баланың үлкені отбасына қаржылық жағынан жәрдемдесемін дейді.

«11-сыныпқа қыркүйек айында көшкен соң, ҰБТ-ға дайындықты бастаймын. Алла жазса, IT маманы болғым келеді. Ауылда қалған бауырларым жазда осында келіп, елорданы көріп қайтпақ ниетте. Жазғы демалысты көңілді өткіземін деп ойлаймын. Сол себепті де жұмыс істеуге келістім. Ата-анам әрине, бәрін біледі», - дейді Ақниет.

Ал 9 жасар Әлібектің жағдайы басқаша. Елордадағы №65 мектеп-гимназияның 3-сыныбын аяқтаған ол жұмыс істеп жүргенін ата-анасына айтпапты.

«Бізде мынандай аттракциондар бар. 5 минуты 500 теңге тұрады. Мен досыма көмектесемін. Маған ақшаны енді төлей бастайды, солай келістік. Ата-анам білмейді. Айтпаған себебім, олар біліп қойса, маған жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Ал маған бұл жұмыс ұнайды. 5 күн бұрын бастадым. Ертеңнен бастап маған Әділбек ақша төлейді. Аттракционда өзім де отырып көрдім, ұнады», - дейді Әлібек.

Ол бұл жұмысты достарымен саябақта серуендеп жүріп тауып алғанын айтты. 

«10 маусымға дейін жұмыс істеймін деп ойлап отырмын. Одан кейін тамыз айында бір ай істеймін. 10 маусымда ата-әжеме Атбасарға кетемін», - дейді еңбекқор бала.

Әлібек мектепте 4 пен 5-ке оқитынын және өскенде блогер болғысы келетінін айтты. Ал біз өз кезегімізде Әлібекке жұмыс беруші – 18 жасар Әділбек есімді колледж студентіне оқушының жұмыс істеп жүргені жөнінде ата-анасына ескерту қажеттігін айттық.

Осы ретте «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры, заңгер Кәмшат Шинтекова Еңбек Кодексіне сай балалардың жұмыс істеу құқығы мен рұқсат етілген жұмыс кестесі жөнінде айтып берді. 

«ҚР Еңбек Кодексі 69-бабына сәйкес, 14 жастан бастап 16 жасқа дейін балалар ата-анасының рұқсатымен аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс кестесі рұқсат етілген. Жұмысқа орналасу кезінде баламен еңбек шарты жасалады. Кәмелетке толмаған баламен бірге құжатқа ата-анасының біреуі (немесе қамқоршы, асырап алушысы) қол қоюы керек, өйткені баланың жұмыс істеуі үшін оның рұқсаты қажет. Айта кетерлігі, ауыр жұмыс істеуге тыйым салынған. Балалардың жұмыс істеуден бас тарту құқығы бар. Сонымен, 14-16 жас аралығындағы балалар күніне 2,5, ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер күніне 3,5 сағат жұмыс істей алады», - дейді Кәмшат Есмұхамбетқызы. 

Заңгердің айтуынша, жасөспірімдердің түнгі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін жұмыс істеуге құқығы жоқ. Жұмыс беруші мен жасөспірім арасында келісімшарт жасалмаса, онда бірінші тарап 50-150 АЕК аралығынла айыппұл төлеуге міндеттеледі. 

«14 жасқа дейінгі балалар да жұмыс істей алады. Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек шарты бойынша циркте, театрда, концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады (ҚР Еңбек кодексінің 31-бабы). Ең бастысы, денсаулық пен адамгершілік тұрғыда дамуына зиян келтірмеуі керек», - деді маман.

Балақайларды бүгінгі Балалар күні мерекесімен құттықтаған заңгер ҚР Еңбек заңнамасындағы ережелерді ұмытпауды еске салды. 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан      

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.