ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

«Тамаша тарту»: Тоқаев боксшы қыздарды құттықтады

Азия чемпионатында қазақстандық 8 боксшы алтын медаль алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатында жүлдегер атанған боксшы аруларымызды құттықтады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Құрлықтың ең мықты спортшылары жиналған байрақты бәйгеде Қазақстанның қыздар құрамасы ел мерейін асқақтатты. Олар қоржынымызға 10 жүлде, соның ішінде 8 алтын медаль салды. Осы тарихи жеңістеріңізді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жасалған тамаша тарту деп санаймын», - делінген құттықтауда. 

Президент боксшы қыздарымыздың алдағы сайыстарда да биік тұғырдан көріне беретініне сенім артып, толағай табыс тіледі.

Ерік Алғабек жаттықтыратын қазақстандық боксшы қыздар Азия біріншілігін 8 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен аяқтап отыр. Команда сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) чемпион атанды.

Одан бөлек, ерлер арасында қазақстандық 5 боксшы Азия чемпионатының финалына шықты. Финалдық кездесулер бүгін - Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20:00-де басталады.