Алматыда ASHYQ жобасы аясында жұмыс істейтін нысандарды бақылау күшейтілді
Қалада ASHYQ-пен жұмыс істейтін 17 нысанда шектеу шараларын бұзу дерегі анықталды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында қалалық штабтың онлайн-отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Санитарлық нормалардың сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтарының жұмысы туралы мәселе қаралды. Алматыда күн сайын 40 бақылау тобы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 23 мыңға жуық объектіде карантиндік шаралардың сақталуы тексерілді, оның 2 мыңнан астамы карантин шектеулерін бұзды. 74 қасақана заң бұзушыға қатысты материалдар мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарына жіберілді, 53 жағдай бойынша шешімдер қабылданды, соның ішінде, 37 нысанның қызметі тоқтатылды», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтері бойынша, бүгінгі күні ASHYQ-пен жұмыс істейтін ШОБ-тың 17 субъектісінде шектеу шараларын бұзу дерегі анықталды. Осыған байланысты Ержан Бабақұмаров карантиндік шаралардың сақталуын, әсіресе ASHYQ жобасы аясында жұмыс істейтін нысандарда бақылауды күшейтуді тапсырды. Бүгінде Алматыда осы жоба аясында 1500-ге жуық кәсіпкерлік субъект бар.
«ASHYQ жобасының қатысушылары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу деректерін анықтаған жағдайда, мониторингтік топтар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын қабылдау үшін материалдарды жібереді. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері жобаға қатысушылар тізімінен шығарылады және екі аптадан екі айға дейінгі мерзімге жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады», - делінген хабарламада.
Бүгінгі күні бақылау топтары келесі талаптардың орындалуын тексереді: жұмыс кестесі, іс-шаралар түрі (бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады), әлеуметтік арақашықтық, бетперде режимі және келушілер санына шекткеу.