Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге үндеу жасады
Білім министрі мектептерді ашу үшін вакцина алу қажет екенін айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңес барысында мұғалімдерді коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Вакцинаға қатысты әртүрлі алып-қашпа сөздер бар. Оны білеміз. Біреу былай дейді, екіншісі былай дейді. Заң бойынша вакцина алу – әр адамның өз еркі. Өзі шешім қабылдайды. Бірақ мектептерді ашамыз, дәстүрлі форматқа көшеміз десек, жалпы мектепте жұмыс істеп, ары қарай тиісті, қажетті сағаттарымызды аламыз десек, әрине вакцина алмасақ болмайды. Өйткені вакцина алу – ең алдымен өзіңді, екіншіден, жақындарыңызды қорғау. Үшіншіден, балаларды қорғаудың бірден-бір кепілі», – деді министр.
Аймағамбетов әріптестерінің барлығы қазақстандық және өзге де вакциналарды алғанын айтты.
«Сондықтан сіздерге үндеу жасаймыз. Көздеріңіз ашық қой. Білім саласында істейтін әріптестеріміз вакцинаның не екенін біліп, адамзаттың ойлап тапқан ең үлкен жақсы шешімдерінің бірі екендігін біле тұрып, вакцина алмасақ, онда кім алады? Біз - ағартушы саламыз. Басқаларға «вакцина алыңдар, алып-қашпа сөздер өтірік, сенбеңіздер» деп айтуымыз керек. Сондықтан осы вакцинаны белсенді алуларыңызды сұраймыз», - деген Асхат Аймағамбетов.
Министр кейбір мұғалімдердің денсаулығына, медициналық көрсетілімге байланысты вакцина алмауы мүмкін екенін ескертті.