Елорда мектептерінде соңғы қоңырау қалай өтеді?
Мектеп аумағында қашықтықты қамтамасыз ететін белгілер қойылды
25 мамырда елордалық мектептерде дәстүрлі соңғы қоңырау өтеді. Биыл 1-10 сынып оқушылары үшін іс-шара онлайн форматта, ал мектеп бітіруші түлектер үшін білім мекемелерінің аулаларында өткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елордалық білім басқармасының хабарлауынша, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн, яғни сынып сағаты түрінде өтеді.
«Ал 11-сынып түлектері үшін іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұсынымдарына сәйкес ашық ауада, мектеп ауласында дәстүрлі форматта өткізіледі. Бұл ретте барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталатын болады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Мектеп аумағында және ғимаратында қашықтықты қамтамасыз ету үшін белгілер қойылды. Оған түлектердің ата-аналары немесе заңды өкілдері қатыса алады. Ал мектеп оқытушылары құрамынан алты адамнан артық қатысуына тыйым салынады.
Маска режимі және іс-шараға қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтықты сақтау қамтамасыз етіледі.