Шетелдік вакцинаны сатып алу отандық вакцина өндірісіне кері әсер етуі мүмкін бе?
Алексей Цой вакцина құнын кім белгілейтінін айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Сенаттың жалпы отырысында коронавирусқа қарсы шетелдік вакцинаны жеткізу мен отандық фармацевтикалық зауыттарға қатысты түсінік берді. Сенатта келтірілген мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтарына қолжетімді Hayat-vax вакцинасының ІІ компоненті - 62,2 доллар, «Спутник V» – 26 доллар, отандық QazVac - 9,4 доллар тұрады.
Денсаулық сақтау министрі вакцина бағасын өндірушелер өзі белгілейтінін айтты.
«Біз үшін қысқа мерзімде Қазақстанда вакцинаның қолжетімдігін қамтамасыз ету және адамдарға таңдау мүмкіндігін беру өте маңызды. Әр өндіруші тиісті лимит қойған, сол үшін вакцина жеткізуде тапшылық бар. Біздің мақсат - қысқа мерзімде Қазақстан халқын вакцинамен барынша қамтамасыз ету», - деді министр.
Еске сала кетейік, Қазақстан азаматтарына үш түрлі вакцина қолжетімді: QazVaс, «Спутник V» және 6 мамырдан бастап Hayat-Vax.
QazVac вакцинасын тек Қазақстан азаматтарына салу жоспарланып отыр, әзірге экспортқа шығару жағы жоспарланып отырған жоқ.