Судья Жанболат Мамайға ескерту жасады
Алматыда белсенділер Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қатысты соталды дайындық отырысы өтіп жатыр

Әуезов аудандық сотының судьясы Райхан Сартаева белсенді Жанболат Мамайға ескерту жасады. Жауап берушіге сот тақырыбынан ауытқымау және судьяның сөзін бөлмеу ескертілді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Айта кетейік, Алматының Әуезов аудандық сотында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің белсенді Жанболат Мамай мен Инга Иманбайға қарсы талап-арызы бойынша соталды дайындық отырысы өтіп жатыр.
Отырыс барысында судья Райхан Сартаева жауап беруші тараптың психологиялық-филологиялық сараптамаға қатысты пікірін білуге бірнеше рет тырысып көрді. Аталған сараптама сот құжаттарына тіркелген болатын. Мамай мен Иманбайдың қорғаушылары бұл сараптама қорытындысымен келіспейтінін, сарапшы-филолог ретінде Ресей аумағында беделі бар Рахиля Қарымсақованы тартуды қалайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай интернетте Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті айыптаған видеоматериалдар жариялаған болатын. Байбек мұның жала екенін айтып, өзінің ар-намысын заң аясында қорғайтынын мәлімдеді.