«Nur Otan» халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшті - Бауыржан Байбек

Өңірлердегі партияның саяси кеңестерінің құрамы 51%-ға жаңартылды

«Nur Otan» халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшті - Бауыржан Байбек

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында партия Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында жеңіске жеткен алғашқы күннен бастап сайлауалды уәделерін нақты орындауға кіріскенін айтты.

Айтуынша, әрбір облыс, қала және аудан бойынша егжей-тегжейлі 217 жол картасы бекітілген. Олардың орындалуын жүйелі бақылау үшін 14 республикалық және 1738 өңірлік қоғамдық кеңес құрылды. Оған депутаттардан басқа белгілі қоғам қайраткерлері, сарапшылар және журналистер кірді.

«Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерге сәйкес, электоратаралық кезеңде Орталық аппараттың құрылымы оңтайландырылып, еліміз бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мен филиалдары халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшті.

Елбасы айтқандай, «Nur Otan» «бір орында тұрып қалмай», әрдайым жетіліп отыруы керек. Партия белсенді азаматтық ұстанымы, креативті идеялары мен жобалары бар адамдарды біріктіріп, қолдауға тиіс», - деп жазды.

Бауыржан Байбектің айтуынша, сайлау барысындағы республикалық партияішілік праймериз «Nur Otan» партиясын жүйелі түрде қайта жандандырудың негізгі элементі болған.

«Бүгінде, электоратаралық кезеңде партияның кадрлық әлеуетін күшейту бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғасуда. Өткен аптада облыстар, қалалар мен аудандардың барлық өкілді партия органдарына сайлауы аяқталды. «Nur Otan» саяси кеңестерінің құрамы өңірлерде 51%-ға жаңартылды.

Әйелдердің үлес саны 29-дан 35%-ке, 35 жасқа дейінгі жастар – 11-ден 22,5%-ке дейін өсті. Мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2 есеге, яғни 18-ден 9%-ке дейін төмендеді. Үштен бірінен астамы – үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қызметкерлері. Әрбір екінші адам – өткен праймериздің қатысушысы», - деді Б.Байбек.

«Nur Otan»-ның бүкіл бастауыш партия ұйымдарының басшыларын (барлығы 4517) сайлау партияны жаңартудағы тағы бір елеулі қадам болған. Дауыс беру қорытындысы бойынша 566 мыңнан астам партиялық, яғни «бастауыш партия ұйымдары» басшыларының 20%-ыжаңарды, ал 80%-ы сенім мандатын қайта растады.

«Nur Otan»-ның міндеті – тиімді партиялық-саяси күн тәртібін қалыптастыру және жергілікті жерлерде партиялықтардың жұмысын түбегейлі түрде күшейту. Бүгінгі күні барша нұротандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыруға жұмылдыру маңызды. Атап айтқанда: өзекті мәселелерді ашық талқылау, халықпен «кері байланысты» күшейту, азаматтық бастамаларды қолдау, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығына жүйелі мониторинг жүргізу және басқа да мәселелерді қамтиды.

Елбасы айтқандай, нұротандықтардың басты үш қағидаты – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік», - деп тоқталды.

Бауыржан Байбек межеленген жоспарлар мен берген сайлауалды уәделердің барлығын жұдырықтай жұмыла отырып, бірге жүзеге асыруға сенім білдірді.

«Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» - деп қорытындылады сөзін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.