ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Жемқорлық күдігіне ілінген Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары денсаулығы сыр бергенін айтты

6 мамырда Нұрлан Таубаев жедел жәрдем көмегімен облыстық ауруханаға жатқызылды

Нұрлан Таубаев, фото: ашық дереккөзден

18 мамырда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі апталық үзілістен кейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот процесі жалғасты, деп хабарлайды azh.kz.

Сот отырысы кезінде белгілі болғандай, 6 мамырда іші қатты ауырған Нұрлан Таубаев жедел жәрдем көмегімен облыстық ауруханаға жатқызылды. 12 мамырға дейін сол жерде болып, терапия бөлімінде ем қабылдады.

Алдыңғы отырыста Таубаевтың қорғаушысы Асқар Таубаев өз қорғалушысының аштық жариялағанын мәлімдеді. Алайда соттың сұранысы бойынша Атырау тергеу абақтысы аштық жариялаған жоқ деп жауап берді.

Нұрлан Таубаев ауруханада болған кезде дәрігерлерге қысым жасалғанын айтты.

- Кім қысым көрсетті? - деп сұрады судья Зарема Хамидуллина.

- Білмеймін, - деп жауап берді Таубаев.

- Ендеше бұл ақпаратты қайдан алдыңыз?

- Алдымен мені «ДостарМед-Престиж» емханасына апарды, 10 минуттан кейін ол жерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің екі қызметкері келді. Мен бұл туралы нақты білемін. Біз бақылау камераларынан видео сұрадық. Мені тезірек шығару үшін олар дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірді. Ал тергеу изоляторында ешқандай ем алып жатқан жоқпын. Егер өзімді нашар сезінсем, тағы да ауруханаға жатуға мәжбүрмін, - деп жауап берді Таубаев.

- Қазір жағдайыңыз қалай?

- Нашар. Бірақ сот отырысына қатысуға мәжбүрмін.

- Ендеше сот жедел жәрдем шақырсын.

- Қажет емес, олар маған тиісті көмек көрсетпейді.

Адвокаттардың айтуынша, Таубаевты емдеуші дәрігерлер өздеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің қысым көрсеткенін айтқан. Осыған орай сотталушы Таубаев құқық қорғау органдарына арыз жазды. Адвокаттар да «ДостарМед-Престиж» дәрігерлері мен облыстық аурухана директорын куәгер ретінде шақыру туралы өтініш жасады.

- «ДостарМед-Престиж» дәрігерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлері оған келіп, Нұрлан Таубаевтың ауруы туралы сұрағанын айтқан аудиожазбаны ұсына аламын. Бірақ медициналық құпия деген бар ғой! - деді қорғаушы Асқар Таубаев.

- Мені тиісті ем-домсыз шығарып жіберді. Қылмыстық іс қозғаңыз, бұл азаптау ғой. Мені шығарған кезде анализдерім де дайын болмады. Мәскеулік дәрігер әрі қарай бауыр циррозы болуы мүмкін дейді. Сізден азаптау фактілерін тексеруді сұраймын, - деді сотталушы Таубаев.

Судья хабарлағандай, Атырау облыстық ауруханасына жолданған сауалға бас дәрігер Таубаевты өзін жақсы сезінгеннен кейін шығарғанын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер тарапынан ешқандай қысым болмағанын айтқан. Ол сотталушы Таубаевтың мәлімдемесіне прокурорлық тексеру тағайындауға қаулы шығарды. Оның нәтижесі 28 мамырға дейін ұсынылуы керек.

Содан кейін жәбірленушіден - ЖШС директорының орынбасарынан жауап алу жалғасты. Одан сотталушылар, айыптау нұсқасы бойынша аса ірі мөлшерде пара талап еткен. Сот процесі жалғасуда.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде ұсталған Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаровқа 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

4 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады.