Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді?
Президенттің баспасөз хатшысы жауап берді
17 мамыр - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 68 жасқа толды. Ел президенті туған күнін қалай тойлайды, Ақорда қызметкерлері оған қандай сыйлық әзірлеген, отшашу бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді
«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының туған күніне қатысты былтыр да, алдыңғы жылы да үлкен шаралар, той тойлау, атап өту болған емес. Ертең де ондай болады деп ойламаймын. Әдеттегідей, күнделікті жұмыс күндерінің бірі ретінде өтеді. Мемлекет басшысы таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Туған күнге байланысты жоспарда ешқандай іс-шара жоқ деп толық сеніммен айта аламын», - деп жауап берді Берік Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.
Президенттің Ақорда сайтындағы өмірбаянында оның саламатты өмір салтын ұстанатыны, көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнататыны айтылған.
Ажырасқан. Тимур есімді ұлы бар.