БҚО-да қызмет бабын асыра пайдаланған прокуратура қызметкері сотталды
Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды
Бөрлі аудандық сотында Қайрат Қайырмұхановқа қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қ.Қайырмұханов ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 46-бабы 5-бөлігі 2-тармағына сәйкес оған жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бөрлі ауданы прокуратурасының прокуроры қызметін атқара жүріп, Қ.Қайырмұханов Б. мен Ш-ны айыптау жөніндегі қылмыстық істің мән-жайын білген. Күдікті Б. қылмысын мойындап, жәбірленушіге залалын өтегендіктен, процессуалдық келісім жасауға, содан кейін сот үкімімен ҚР ҚК 63-бабына сәйкес оған шартты жазаның қолдануға болатынын білген Қ.Қайырмұханов қызмет бабын пайдаланып, «іске кіріскен». Аталған іс бойынша шешім қабылдауға құқығы болмаса да, оған қоса қылмыстық іс-әрекеті жөнінде аудан прокуратурасы басшылығы мен процессуалдық прокурорды хабардар етпестен Қ.Қайырмұханов М. деген танысы арқылы айыпталушыға ұсыныс жасаған. Яғни 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақыға Б-ны бас бостандығынан айырмай, шартты жаза белгілеу туралы мәселені шешуге ықпал ете алатынын айтқан. М. мұнымен келісіп, 2 млн теңгенің тым көп екендігін, азайту керектігін жеткізген. Қайырмұханов бұған келісімін берген. Ақыры биылғы 20 ақпанда Қ.Қайырмұханов М-мен кездесіп, 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.