ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Экс-банкир Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдетілді

Басқа да сотталушыларға қатысты сот үкімі өзгертілді

Жомарт Ертаев, фото: "Алма ТВ" ЖШС

Алматы қалалық сотының апелляция алқасы экс-банкир Жомарт Ертаев пен басқа да сотталушыларға қатысты (барлығы 37 адам) істі қарады.

Апелляция алқасының қаулысымен, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және жалған құжаттар дайындағаны үшін кінәлі деп танылған Жомарт Ертаев енді түрмеде 11 жыл емес, тоғыз жыл отыруға тиіс. Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды. 

Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге қатысты да сот үкімі шықты. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру түрінде бұрын тағайындалған жаза жеті жылға дейін төмендетілген.

Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы, бұрын сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Игорь Мажиновты жеті жылға соттап, мүлкін тәркілеген.

13 сотталушы келтірілген залалды өтеген. Оның ішінде Мажинов келтірілген залалды толық көлемде (4,9 млрд теңге) өтеген. Ертаев пен Ибрагим кінәсін мойындап, тергеу жұмыстарына көмектескен. Олар келтірілген залалды ішінара өтеген.

Апелляция алқасы 13 сотталушыға қатысты соңғы үкімді өзгертті. Аталған үшеуінен басқасына қатысты нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге алмастырылып, қамаудан босатылған.

Еске сала кетейік, 3 наурызда Ертаев ісі бойынша тағы бес адам сотталғаны хабарланды. Кәсіпкер Нұрлан Тілеубаев аса ірі көлемдегі алаяқтық пен жалған құжаттар жасауда кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Басқа айыпталушылар Әлімжан Тілеубаев пен Серік Атабай 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ақан Сұлтанов мерзімнің аяқталуына байланысты жазадан босатылса, Оксана Шестакова 5 жылға бас бостандығынан айырылды.