ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Биыл Қазақстанда ішкі туристер саны 5 миллионнан асады деп күтіліп отыр

Отандық туризмді дамыту үшін Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды 

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылы Қазақстанда ішкі туристер саны 5 миллион адамға дейін артып, оның құрамында курорттық аймақтарда демалушылар саны 2 миллионға жетеді деп жоспарлап отыр. 

«Пандемия жылына қарамастан, ішкі туризмде оң динамика тіркелді. Жеке инвестицияларды тарту бойынша орасан жұмыс атқарылды. Курорттық аймақтардағы орналастыру орындарының саны шамамен 40% - ға, ал нөмірлік қоры 1,8 есе өсті. Курорттық аймақтарда қызмет көрсетілген келушілер саны 1,2-ден 1,7 миллион адамға дейін, ал орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлемі 17-ден 24,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 30% – ға өсіп, 614,7 миллиард теңгені құрады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықпен есептік кездесуінде. 

Туризм саласын қолдау үшін ҚР Үкіметі дағдарысқа қарсы шараларды енгізген. Нәтижесінде 2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Жұмыспен қамту және Бизнестің жол карталары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 61 миллиард теңге болатын 52 жобаны қаржыландыру қамтамасыз етілді. Есепке сәйкес, бұдан басқа, 2021 жыл басталғалы негізгі курорттық дестинацияларда инфрақұрылымдық жобалардың 19 жобасын іске асыруға 40 миллиард теңге бөлінген. 

«Инфрақұрылымның болуы заманауи туристік нысандарды салу үшін жеке инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар есебінен республика бойынша 92 жоба пайдалануға берілді. Олардың ішінде Нұр-Сұлтандағы Sheraton қонақ үйі, Ақтаудағы Rixos Water World Aktau кешені, Түркістандағы Rixos Turkistan және Hampton by Hilton қонақ үйлері, Бурабайдағы Promenade Burabay көпфункционалды туристік кешенінің бірінші кезеңі, Алматыдағы «Тенир» экоотелі және басқалары бар», – деп хабарлады министр.

Оның пікірінше, 2021 жылы жеке инвестицияларды тарту саланы дамытудың негізгі драйверіне айналады. Жалпы жеке инвестициялар көлемі 1,1 триллион теңге болатын 115 жобаны іске асыру жалғасады. Мысалы, Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауы жаңа нысандарды іске қосу арқылы одан әрі дами түспек. Алдағы 2-3 жылда мұнда тақырыптық ойын-сауық саябағының және жалпы инвестиция көлемі 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын Fairmont, DoubleTree by Hilton, Aqualina Resort және басқалары сияқты халықаралық деңгейдегі 4-5 қонақ үйдің құрылысы жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру бойынша да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 

«Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер байқалуда. 8 мамырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бару бойынша жаңа рекорд орнатылды, оған бір күнде 8 мың адам, ал «Керуен-сарайға» 10 мың адам келді», – деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қатар, туризм саласын жоғары білікті кадрлық қызметкерлермен қамтамасыз ету үшін Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды. Ал 2021 жылдың жазында оқу процесіне үздік халықаралық практикаларды енгізу және біліктілігін арттыру үшін 50 студент Түркияның үздік туристік орталықтарында оқудан және кәсіби практикадан өтетіні белгілі болды.