$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.03.2021, 14:56
Жаңалықтар

Экс-банкир Жомарт Ертаевқа қатысты тағы бір сот үкімі шықты

Экс-банкир жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді

Экс-банкир Жомарт Ертаевқа қатысты тағы бір сот үкімі шықты
Фото: "Алма ТВ" ЖШС

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен экс-банкир Жомарт Ертаев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және жалған құжаттар дайындағаны үшін кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды және 10 жылға материалдық жауап артылатын қызметпен айналысу құқынан айырылды. Экс-банкир жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.

Сондай-ақ, осы қылмыстық іс бойынша тағы бес адам сотталды. Кәсіпкер Нұрлан Тілеубаев аса ірі көлемдегі алаяқтық пен жалған құжаттар жасауда кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Басқа айыпталушылар Әлімжан Тілеубаев пен Серік Атабай 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ақан Сұлтанов мерзімнің аяқталуына байланысты жазадан босатылса, Оксана Шестакова 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот жаза тағайындау кезінде кінәні жеңілдеткен бірнеше факторды ескерген. Олар: бірінші соттылығы, кінәні мойындау, жасаған ісіне шын жүректен өкінуі, сотталушылардың қылмысын ашуға белсенді көмегі, басқа да сыбайластарын әшкерелеуге ықпал етуі, Ертаевтың, Сұлтанов пен Әлімжан Тілеубаевтың кәмелетке толмаған балаларының болуы, сондай-ақ Шестакованың жүктілігі.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 28 қыркүйегінде Жомарт Ертаев Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында соңғы сөзін айтты. Екі жылдан астам уақыт қамауда болған экс-банкир бұрын қой баққанын, барахолкада сауда жасағанын айтты. Өмір тарихын баяндаған Ертаев жасаған ісіне өкінетінін, алайда мақтанышпен айта алатын алатын сәттері де көп екенін жеткізді.

Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыруға қатысты тергеу 2017 жылы басталып, Жомарт Ертаев 2018 жылдың 8 мамырында қамауға алынды. Тергеу дерегінше, ақша жымқыру 6 жылға жалғасқан. Жымқыруға қатысы бар 36 банкирдің үстінен жүріп жатқан қылмыстық іс 700 томнан тұрады.

Серіктес жаңалықтары