Түркістан – Ыстамбұл бағытында халықаралық тұрақты рейс ашылады
Эпидемиологиялық жағдай жақсарса, рейстер саны кезең-кезеңімен ұлғаюы мүмкін
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес түрік әуе компанияларына Түркістан – Ыстамбұл бағытында халықаралық тұрақты рейс ашуға және Шымкент – Ыстамбұл бағытында тұрақты рейсті қайта бастауға рұқсат етілді.
Атап айтқанда, Turkish Airlines әуе компаниясы 22 мамырдан бастап Түркістан – Ыстамбұл – Түркістан бағытында жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бастапқы кезеңде рейстер А-321Neo әуе кемесімен аптасына 1 рет орындалады.
Сонымен қатар, түріктердің Pegasus Airlines әуе тасымалдаушысы 23 мамырдан бастап Шымкент және Ыстанбұл қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды қайта бастауды жоспарлап отыр. Рейстер бастапқы кезеңде B-737 әуе кемесімен аптасына 1 рейс (7 күн бойынша) орындалады.
Эпидемиологиялық жағдай жақсарса, рейстер саны кезең-кезеңімен ұлғаюы мүмкін.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.