ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

900 мың теңге қарыз алып, Ресейге көшіп кеткен қазақстандық алаяқ Дубайға ұшпақ болған жерінен ұсталды

Борышкерге осы жылдың ақпан айында халықаралық іздеу жарияланған 

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда танысынан 900 мың теңге қарыз алып, Ресейге көшіп кеткен алаяқ Дубайға ұшпақ болған жерінен әуежайда ұсталды. Борышкерге биылғы жылдың ақпан айында халықаралық іздеу жарияланған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан полицейлері алимент төлеуден қашып жүргендерді, борышкерлерді, туыстық қарым-қатынасын жоғалтқан тұлғаларды күшейтілген режимде іздестіруге кірісті. Сот орындаушылары балаларының алдындағы парызын өтеуден жалтарып жүрген көкек әкелерден  қарызды өндіріп ала алмаған жағдайда, іске көші-қон қызметінің полицейлері кіріседі. Олар борышкерлердің тұрғылықты мекенжайын тексеріп, олардың жақындары мен таныстарына барып іздейді. Екі күн ішінде полицейлер 62 мекенжайды тексерген.

«Облыстың көші-қон қызметі бөліністерінің өндірісінде 113 іздестіру ісі болған. Оның 27-і алимент төлемеушілерге қатысты, 56 борышкер.  Қарызды өндіріп алу жөніндегі сот шешімінен кейін тәулік ішінде іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Борышкердің таныс және туыстары тексеріледі», - дейді СҚО Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының аға  инспекторы Жанат Сағынтай.

Екі күнінде 6 алимент төлемеуші, 10 борышкер және туыстық қарым-қатынасын жоғалтқан 4 адам табылды. Сондай-ақ, бұрын Қазақстанда тұрып, танысынан 900 мың теңге қарыз алып, Ресейге көшіп кеткен алаяқ Дубайға ұшпақ болған жерінен ұсталды. Ол Омбы қаласының әуежайында паспорттық бақылаудан өтіп жатқан кезде анықталған. Жалпы жыл басынан СҚО полицейлері 90 борышкерді, 51 алимент төлемеушіні және туыстық қарым-қатынасты жоғалтқан 39 адамды анықтады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: