Елбасы Түркістандағы «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барды
«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан кешеннің жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метр
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына сапары барысында «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Алтын Самұрық» ұшатын театрына барып, театрландырылған судағы шоуды тамашалады.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың келуіне орай «Қыз қуу» театрландырылған көрінісі көрсетілді.
Анықтама үшін айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан кешеннің жалпы ауданы 117,6 мың шаршы метр.
«Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр.