Сауд Арабиясында әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтуге үлес қосқандар марапатталды
Қазақстан елшісі Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының басқарма төрағасымен кездесті
Қазақстан елшісі Берік Арын Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының басқарма төрағасы ханзада Турки әл-Фейсал Әл Саудпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында отандық дипломат ұлы ғалым әрі ойшыл Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдығын халықаралық деңгейде кеңінен атап өтуге қосқан үлесі үшін ханзада Турки әл-Фейсал Әл Саудқа ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың алғыс хатын және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының шешімімен берілген «Әл-Фараби» үлкен алтын медалін табыс етті. Орталықтың Бас хатшысы Сауд әл-Сархан да қазақ министрінің алғыс хатымен марапатталды.
«Ханзада Турки әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық шаралар, соның ішінде Орталық алаңында 2020 жылғы 8 желтоқсанда «Әбу Наср әл-Фарабидің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында өткен конференция ұлы мұсылман ғалымының өмір жолы, еңбектері және шығармашылық мұралары жайлы кеңінен ой бөлісуге жақсы мүмкіндік бергендігін және екіжақты мәдени байланыстарды нығайтуға оң әсерін тигізгенін атап өтіп, қазақстандық тарапының марапатына шынайы ризашылығын білдірді», - делінген ҚР СІМ баспасөз хабарламасында.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта да достас Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени-ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға уағдаласты.