Соңғы 10 жылда 40-тан астам қазақстандық ауыр атлет допинг дауына ілінді
Қырықтың бірі - Қыдырбаев
Кеше Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Владимир Седовты 2009 жылғы әлем чемпионы атағынан және басқа да медальдерінен айырды. Осы ретте допингпен ұсталған, медальдарынан айырылған өзге де қазақстандық ауыр атлеттерге тоқталып өтсек.
Жалпы, 2008 жылдан бері допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің саны 40-тан асып жығылады екен.
2008 жылы 6 атлет:
Дмитрий Стрига, Владимир Седов, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая, Илья Ильин, Майя Манеза;
2009 жылы 2 атлет:
Александр Дзюба, Игорь Ким;
2012 жылы 9 атлет:
Жасұлан Қыдырбаев, Семён Линдер, Нұрсұлтан Рахатов, Фаина Сиванбаева, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Алмас Өтешов;
2013 жылы 13 атлет:
Александра Аборнева, Аят Әмірбеков, Майра Файзоллаева, Айдар Қазов, Фархад Харки, Максим Лактионов, Әсем Сәрсекенова, Екатерина Столяренко, Денис Уланов, Евгений Евстафьев, Александр Зайчиков, Ерболат Жоламанов, Ғалымбек Жубатканов;
2015 жылы 6 атлет:
Татьяна Капустина, Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртай, Алмас Өтешов, Фаина Сиванбаева, Игорь Сон;
2017 жылы 5 атлет:
Иван Голушко, Ғалымбек Жұбатқанов, Анатолий Грубов, Максим Лактионов, Нұрлыбек Сәменов;
2018 жылы 5 атлет:
Мария Базаркина, Гүлназ Шамиева,Роберт Карнаухов, Еркебұлан Айдынұлы, Надежда Лихачева;
Аты аталғандардың арасында дисквалификация мерзімін өтеп, спортқа қайта оралғандары бар. Мысалы, жас спортшы Игорь Сон 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, кейін допингпен ұсталған. Сосын көрсеткен нәтижесі мен алған жүлдесі ескерілмей, 7 айға спорттан шеттетілді. Ал биыл Сон Таиландтағы ересектер арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алды.
МЕДАЛЬДАРЫН ҚАЙТАРЫП БЕРГЕН ЖӘНЕ БЕРМЕЙ ЖҮРГЕН АУЫР АТЛЕТТЕР
Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындары кезінде допингке қарсы ережелерді бұзған қазақстандық спортшылардан медальдарды қайтарып беруді талап етіп жатыр. Арасында қайтармай жүргендері де бар. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметі бойынша ауыр атлеттерден – Илья Ильин, Владимир Седов, Алмас Өтешов пен Зүлфия Чиншанло қайтарып берген. Осылардың арасында Илья Ильин алғаш болып қайтарған екен. Өзі де талай сұхбатында бұл туралы айтқан.
«Мен оларды шын бәсекеде жеңдім. Мандай терімді төгіп, лайықты орнымды алдым. Бірақ бүгін маңызды болған нәрселер ертең өзгеруі мүмкін. Көптеген спортшылар өздерінің адал жолмен жеңіп алған жүлделерін қайтарып беруге құлықсыз. Дегенмен, заңның аты заң. Мен ол медальдарды өзімде ұстай алмаймын. Мысалы, Бейжіңдегі алтын медальды жақын досым Шимон Колецкомуға өз қолыммен апарып беремін. Ол сол жылы екінші орын алды. Екеуіміз жақын доспыз, ал достық мен үшін өте маңызды. Сондықтан үйіне қонақ ретінде барып, апарып беремін», – деген еді кезінде Илья Ильин.
Фотода: Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло, Ирина Некрасова
Ұлттық Олимпиада комитеті таратқан мәлімет бойынша, зілтемірші Мария Грабовецкая қола медалін қайтаруға міндетті. Алайда спортшы жүлдені қайтарып, федерациямен байланысудан бас тартып отырған көрінеді.
«Ирина Некрасова мен Майя Манеза да осы бағыттан таяр емес. Некрасова 2008 жылғы Олимпиада ойындарының күмісін, Манеза 2012 жылғы Лондондағы доданың алтынын қайтаруы тиіс. Светлана Подобедова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын медалін жоғалтып алғанын жеткізді. Медальді іздеу шаралары әлі де жалғасуда», – делінген ҰОК таратқан мәліметте.
Жалпы, Қазақстан 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан жеңіп алған 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медалінен айырылып отыр.
СЕДОВ НЕГЕ БӘРІНЕН АЙЫРЫЛДЫ?
Халықаралық Олимпиада комитеті біздің ауыр атлеттердің Олимпиада ойындарындағы жүлделерінен айырды. Ең өкініштісі, 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарындағы 5 алтынымыздан айырылдық. Бірақ әзірге Илья Ильин бастаған атлеттердің әлем чемпионаттарындағы жүлделеріне ешкім тиіскен жоқ. Олимпиаданың екі алтынын қайтарып берсе де, Ильин 4 бірдей әлем чемпионатының бас жүлдесін өзінде сақтап қалды. Осы ретте Седов неге бәрінен айырылды деген заңды сұрақ туындауы мүмкін.
2016 жылдың жаз айында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) пен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Седовтың допинг-сынамасын қайта тексерген еді. Сол кезде оның қанынан 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында «станозолол» препараты табылған болатын. Осыдан соң спортшы 8 жылға спорттан шеттетілді (01.08.2016 – 01.08.2024). Себебі, Үштөбенің тумасы оның алдында 2006 жылы да допингпен ұсталып, 2 жылға жарыстардан тыс қалған болатын (18.05.2006 – 18.05.2008).
Алайда 2016 жылы Седовтың тек Пекин Олимпиадасындағы нәтижесін жойған еді. Ол кезде спортшы төртінші орын алған. Енді, міне, Седовтың өзге де атақтарынан айырып отыр. Седов 2009 жылғы әлем чемпионы, 2009 және 2016 жылғы Азияның екі дүркін чемпионы, 2011 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар, 2013 жылғы әлем чемпионаты мен 2014 жылғы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері. Енді осының бәрін қайтарып беруге тиіс.
Қазақстан ауыр атлетикасының айтуынша, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) тәртіптік комиссиясы бар. Олар Седов байланысқа шықпағандықтан осындай шешім қабылдаған. Өйткені спорттық карьерасында екінші допингке қарсы ережені бұзған атлет өзің қорғау үшін құлшыныс танытуы тиіс. Кем дегенде «жаңылдым, жаңылыстым, құлақ асуға дайынмын» дегендей өтініш хат жазуы керек екен. Алайда Седов мұның бірде-бірін істемеген. Сондықтан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бәрін тартып алуға бекінген. Әйтпесе, бұған дейін Ресейден келген Светлана Подебедова (Седовтың бұрынғы жұбайы) да екінші рет допингпен ұсталғанына қарамастан әлем чемпионаттарындағы алтындарын өзінде сақтап қала алаған. Светлана соңғы сәтке дейін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасаған. Тек Лондон Олимпиадасындағы алтынынан айырылғаны болмаса, өзге жүлделерін өзіңде сақтай алды.
Бек ТӨЛЕУОВ, Нұр-Сұлтан