$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.04.2021, 18:30
Жаңалықтар

Елордалық көпбалалы ана нотариустың заңсыз әрекетіне шағым білдірді

Шағымданушының айтуынша, нотариус өкілі оны көпшіліктің көзінше балағаттаған

Елордалық көпбалалы ана нотариустың заңсыз әрекетіне шағым білдірді
көрнекі сурет

Көпбалалы ана нотариустың қыспағына түсіп, жауапты органдардан көмек сұрады. Бұл туралы келіншектің нотариустың үстінен жазған шағымында айтылған.

Құралай Әлиасова - «Күміс алқа» иесі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік тобы есебінде тұрған көпбалалы ана. Қалалық полиция департаментіне жазған арызында шағымданушы жергілікті нотариус өкілдерінің бірі оның артына түсіп, супермаркетте көпшіліктің көзінше балағаттап, мазасын алғандығын жазған.

«Бұған дейін мен Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментіне О.А-ның нотариустық қызметінде менің құқығымды бұзғаны үшін арыз жазған болатынмын. Ол сонан кейін телефоннан маған арызымыды қайтарып алуыма ақша бермек болды. Алайда, мен көнбеген соң қысым көрсетіп, қоқаңдай бастады. Менің көпбалалы ана ретінде құқығымды бір рет бұзғанына қарамай, кешірім сұраудың орнына артымнан аңдып, қоғамдық орында мазамды алып, мені біреудің тапсырысын орындаушы деп айыптап, балағаттайтын сөздер айтып, тек менің ғана емес, сол кезде менімен бірге болған қызымның да ар-ұятын таптайтын әрекеттер жасады», - деп жазылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Полиция департаментіне жолданған арызда.

Белгілі болғандай, Құралай Әлиасова осы жылдың 9 ақпанында О.А жұмыс істейтін нотариустың  қызметіне жүгінген. Алайда нотариус көпбалалы аналарға көрсетілетін жеңілдіктерді ескермей, келіншектен өз қызметі үшін толық төлем алған екен.

«Нотариус менің жеңілдіктеріме қарамай көрсеткен қызметі үшін 3200 және 600 теңге ақша алды. Ол үшін чек те бермеді. Осы оқиғаны таныс заңгерлермен бөліскен кезде олар нотариустардың «Күміс алқамен» марапатталған аналардан көрсетілген қызметі үшін тек 10 пайыз ақша алу керектігін айтады. Тағы бір айта кететін жайт, нотариус құжаттарды қазақша жазбайтындығын айтты. Осы нотариустан мен құжаттарды қазақ тілінде беруін сұрағанымда қазақша сенімхаттың жазылмайтындығын айтты. Біз сонда не үшін балаларымызды қазақша тәрбиелеп, қазақша оқытып жатырмыз?», - делінген Құралай Әлиасованың  Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаментіне жазған арызында.

Бүгінде аталған іс Нұр-Сұлтан қаласы нотариалдық палатасының қарауына өткені анықталды. Өз кезегінде жауапты орган алдағы уақытта осы іске және нотариус өкіліне қатысты нақты қандай шешім қабылдағанын жариялайтынын айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары