ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтанда 14 жасқа дейінгі балалардың КВИ жұқтыруы үш есеге артқан

Қала бір айдан астам уақыттан бері «қызыл аймақта» тұр

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар эпидемиологиялық жағдайды, халықты вакцинациялау жұмыстарын және қауіпті инфекциямен күресу шараларын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім еткендей, Нұр-Сұлтандағы CОVІD-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр, қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша бір айдан астам уақыт бойы «қызыл аймақта» тұр.

«Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 9,7%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 320,43 құрады. Репродуктивті саны — 1,021. Жыл басынан бері қаламызда науқастар саны 22 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 41 214 жағдай тіркелді: 26 888 — симптоматикалық және 14 326 — асимптоматикалық. Тәулігіне 574 алғашқы жағдай тіркелді (406 симптоматикалық жағдай, 168 симптомсыз жағдай)», — деп түсіндірді елорда санитарлық дәрігері.

Жас құрылымы бойынша науқастардың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркеледі, олар КВИ-мен ауырғандардың 79,9%-ын құрайды, балалар 17,3%-ды, жасөспірімдер 2,8%-ды құрайды. Сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда егде жастағы адамдар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының 2,2%-ға өскені байқалады.

«Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы жағдайдың үш есе өскені байқалады. Қаңтарда – 571, ақпанда – 479, наурызда – 1106, сәуірде – 1790. Айтарлығы, инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады. Бұл ретте сәуір айында жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша балалар үлесі 0,8%-ға азайды. Бұл әсіресе 7-10 жас аралығындағы (5,1%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді), 11-14 жастағы (4,5%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді) мектеп оқушыларына қатысты қабылданған шектеу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», — деп атап өтті Сархат Бейсенова.