ДСМ Қазақстанда өндірілетін медициналық масканың сапасы жайлы айтты
Жеке қорғаныс құралдары арнайы материал – спанбондтан жасалады

Қазнетте бір топ адамның медициналық масканы өртемек болған видеосы тарады. Видеодан байқасаңыз, жеке қорғаныс құралы жанбай, ериді. Осыдан кейін ролик авторлары маскалар улы деген қорытынды жасайды.
Медициналық маскалардың уыттылығы жайлы ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
«Біріншіден, бұл видео Қазақстанда емес, Ресейде түсірілген және біздің елге қатысы жоқ. Екіншіден, бізде сатылатын маскалардың сапасы санитарлық талаптарға сай және сапасы жоғары», - деп хабарлады ведомстводан.
Медициналық масканың жанбай, ерігені таңқаларлық және әдеттен тыс жайт емес. Жеке қорғаныс құралдары арнайы материал – спанбондтан жасалады. Бұл синтетикалық тоқыма емес материал, ол берік, жоғары және төмен температураға төзімділі, су өткізбейді, сондай-ақ инфекциялардан қорғауға қажетті басқа да қасиеттерімен ерекшеленеді.
Спанбонд улы емес және қауіпсіз. Ол синтетикалық материал болғандықтан, жанған кезде ериді, бірақ зиянды қосылыстар шығармайды. Ал, пластик медициналық маскалар өндірісінде қолданылмайды.