АӘК: сиыр мен тауықты табысқа санаған кім екені белгілі болды
Атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетін ауыл халқының қорасындағы малынан түсетін табысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы нормативтік құжатымен есептеледі

Бұл туралы бүгін үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен бірқатар мәжіліс депутаттары айтып отыр.
Депутат Нұртай Сабильянов министрден бір үй жануарынан түсетін табыс пен шығыс теңгеге шаққанда нақты қандай соманы көрсетеді деп сұрады. Министр ауылдағы қосалқы шаруашылықтан түсетін есептің тізімі өте үлкен екенін, сондықтан, бұл сұраққа жазбаша жауап беретінін айтты.
Ал, депутат Гүлшара Әбдіқалықова Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тізімді тез арада өзгертіп, дұрыстап есептемесе, жаңа жылдан бастап АӘК тағайындарда, тағы дау шығады дейді.
«Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда, табысы аз азаматтарды қолдау шараларын іске асыру жаңа форматтағы атаулы көмектің тиімділігін төмендететін бірқатар елеулі кемшіліктерді анықтады. Бірінші кезекте, мемлекеттік органдар оқиғаның былай өрбеуіне дайын емес болып шықты. Жүйелі жұмыстың жоқтығы салдарынан жағымсыз аспектілерге тап болдық.
Бұл – жұмыс іздеу уәжінің азаюы, әлеуметтік қамсыздандыруды ұзақ уақыт пайдалану ниеті, әлеуметтік көмекті көбірек алу мақсатында отбасы мәртебесін немесе тұрғылықты жерін формальды түрде өзгерту. Жергілікті жерлерде әкімдіктер табысы аз азаматтардың проблемаларын шешуге келгенде өмірлік қиын жағдайға әкеп соққан себептерге терең үңілмейді», - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ал, ауыл тұрғындарының әрбір малы табысқа саналып кеткен соң, «атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу барысы туралы» деген тақырыптағы үкімет сағатында депутаттар ауыл шаруашылығы министрлігіне жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты айқындау нормативтерін қайта қарап, бекіту туралы ұсыныс айтқан. Бірақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе әлі күнге дейін шешпеген.
«Тексеру кезінде, әсіресе, ауылдағы үй шаруашылғын тексеру кезінде олардың табыстарын асыра бағалау, немесе жете бағаламау қауіпі бар. Жаңа жылдан бастап бұл мәселе алдымыздан тағы шығуы мүмкін. Бұның алдын алу керек. Осыған байланысты, отбасының жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін жиынтық табысын есептеуді базалық бағалау үшін мемлекеттік органдар қысқа мерзім ішінде жаңа әдістемелік-ғылыми практика базасында қалыптасқан, ортақ бағаны ескере отырып, өнім өндіруге арналған шығындардың нормативтік деңгейін қайта қарауы керек», - деді депутат Гүлшара Әбдіқалықова.
Кенжекей Тоқтмұрат, Нұр-Сұлтан