$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.12.2019, 13:03
Жаңалықтар

Киізден жасалған бұйымдарды ұлттық брендке айналдыру керек - қызылжарлық шебер

Петропавлдық қолөнерші киіз басу өнерін заманауи нақышқа келтіріп, оның қыр-сырын жастарға үйретіп жүр

Киізден жасалған бұйымдарды ұлттық брендке айналдыру керек - қызылжарлық шебер

Киіз – қазақ мәдениетінің баға жетпес құндылықтарының бірі. Көшпенді ата-бабаларымыз баспананың өзін осы бірегей материалдан жасағаны белгілі. Петропавлдық Айжан Дайырова ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан киіз басу өнерін заманауи нақышқа келтіріп, жастарға оның қыр-сырын үйретіп жүрген санаулы жандардың бірі. Azattyq Rýhy тілшісі он сауағынан өнер тамған шебермен сұхбаттасқан еді.

КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН

Ата-бабаларымыз бас киімнен бастап, құрметті қонағын отырғызар текеметті де жүннен жасаған. Тұтас елді басқарар хан сайлағанда да, ақ киізге отырғызып ұлықтағанынан-ақ оның құндылығын ұғынуға болады. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Айжан Дайырова халқымыздың ұлттық өнерінің жойылып бара жатқандығына алаңдайды. Сондықтан, киіз басу технологиясын меңгеріп, оны заман талабына сай пайдаланып жүр.

«Киіз басу өнері – ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес мұра. Осыны ұмытпауымыз керек. Бүгінгі өскелең ұрпақтың қолынан гаджеттер түспейтіні жасырын емес. Олар әсіресе шетелдіктерге еліктейді. Сондықтан, қолөнердің бұл түрін ұлықтап, өскелең ұрпаққа үйретпесек, жойылып кетуі мүмкін. Мен оны қаламаймын. Сондықтан әжелеріміз ойлап тапқан технологияны сақтай отырып, заманауи дизайндағы бұйымдар жасаймыз. Сан алуан түстерді пайдаланамыз, жаңа композициялар ойлап шығарамыз. Балаларға ұнайды. Оқушылар шебарханаға алғаш келіп, киізден қандай да бір бұйым жасай бастағанда олар бұл іспен күнде айналысып  жүргендей көрінеді. Себебі бұның бәрі біздің генетикалық жадымызда сақтаулы», - дейді Айжан Бауыржанқызы.  

«КИІЗДЕН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАРДЫ ҰЛТТЫҚ БРЕДКЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»  

Шебер ең алғаш рет өзіне киізден берет басып шығарыпты. Ерекше бас киімге көпшілік тамсана қараған. Одан кейін басқа да бұйымдар жасай бастаған. Айжанның бойынан сурет салу, киім тігу, кез-келген салада әдемі дизайн жасау өнері келеді. Ол осының барлығын жоғары кәсіби деңгейде орындайды. Бірақ өз өнерін ешқашан қаржы табу мақсатында пайдаланып көрген емес. Ол бұл жөнінде тіпті ойланып та көрмепті.

«Біз киізді барлық жерде пайдаландық. Киіз үйде тұрдық. Киізден жасалған киімдерді кидік. Оны ұмыту мүмкін емес. Жүн – мен үшін жанды нәрсе іспетті. Оның құрамында синтетика жоқ. Ол нағыз табиғи шикізат. Кисең жілі, денеге жағымды. Ертеректе барлығымыз үйге кілем ілетінбіз. Ол бөлмені жайлы, жылы етіп тұрады. Қабырғадағы кілемді алып тастағанда бөлмеде жаңғырық пайда болып, босап қалатындай болады. Ал қазір кілем сәннен кетті. Есесіне картина іліп қойсақ, үйге жылу беретіндей әсер қалдырады. Бөлменің дизайнын да келістіріп жібереді», - дейді шебер.

Қазақтың қызының басты мақсаты – ұлттық өнердің шырағын өшірмей, өскелең ұрпаққа аманат ету. Ол киіз өнерін ұлттық брендке айналдырғысы келеді.

«Қазір біздің балаларымыз шет елдерге жиі барады. «Қазақстанда ерекше не бар?» деп біреу сұрай қалса, осы өнерімізді мақтанышпен көрсетуге болады. Бұл жай ғана өнер емес, бабаларымыздан қалған мұра. Әр бала оны меңгерсе, өзі үшін де өте пайдалы деп ойлаймын. Біз басақта композиция, түрлі түстерді үйлестіру заңдылықтарын меңгереміз. Мен суретшімін. Адамның бойында заттарды кеңістікте көру қабілеті болмайынша, жақсы қылқалам шебері шықпайды. Біз де картина саламыз. Тек бояумен емес, түрлі-түсті жүнмен», - дейді педагог.

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...

Айжан Бауыржанқызы білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтын нағыз педагог. Шәкірттері сабағына қуана-қуана келеді. Өйткені балалар қолға алған істі аяқтап, кезекті картинаны жасап шығаруға асығады.

«Мен үйірмеде көп нәрсе үйреніп жүрмін. Киіздің не екенін, одан қандай бұйымдар жасауға болатынын білдім. Түрлі картиналар жасап жүрміз. Бұл – менің хоббиіме айналып кетті. Көрмеге қоятындай әдемі картина жасап шығаруды армандаймын. Өзім сурет салғанды жақсы көремін. Бұл маған түстерді таңдауға көп көмектеседі», - дейді 7-ші сынып оқушысы Жансая Есләм.

Үйірмеге ұлдар да келіп жүр. Педагог әлемдік деңгейдегі суретшілердің барлығы дерлік ер адамдар болғандықтан, бұл салада ұлдар үлкен табысқа жетуі мүмкін екендігін ерекше атап өтті.

«Жүннен түрлі картиналар жасауға болатынын білмеппін. Алғашқы жасаған бұйым шәйнектің суреті. Басқа оқушылар да құман жасады. Біз барлығын біріктіріп, үлкен картина етіп шығармақпыз. Басында үйірмеге жай ғана көру мақсатымен келгенім рас. Жүре келе ұнап кетті», - дейді Сәкен Ораз. 

Айжан Дайырова өзінің оқушыларының алыс-шақын шет елдерде білім алып жүргенін мақтан етеді. «Әр адам өмірде өз ізін қалдыруы тиіс» - бұл  оның өмірлік ұстанымы. Ол бірегей өнерді бойына сіңірген шәкірттері қайда жүрсе де ұстазын ұмытпайтынына, және сол шәкірттері киіз өнерін ұлттық брендке айналдыруға өз үлестерін қосатынына сенімді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары