«Қайығыңды аударамыз»: Қапшағайда браконьерлер қорықшылардың өзін қорқытады (ВИДЕО)
Балықты заңсыз аулайтындар ауылда басқа жұмыстың жоқтығын айтады
Қапшағайдың қорықшылары браконьерлерден қорқады. Көлдегі балыққа қырғидай тиіп, балық аулаумен заңсыз айналысатын қаскөйлерді жаңа заңдағы жаза да тоқтата алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұзындығы – 100, ені 25 шақырымға жуықтайтын Қапшағай су қоймасында сазан, жыланбас, дөңмаңдай, табан, каракөз, көксерке сынды барлығы 12 түрлі балық тіршілік етеді. Тұщы көлдің айналасында 24 балық шаруашылығы жұмыс істеп тұр.
Балықты заңды аулайтын шаруалар мен ондағы қорықшылар браконьерлерден қорлық көріп келеміз дейді. Балық сатып, байлыққа кенелуге әбден дәніккен браконьерлермен күрестің қалай жүргізілетінін Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді.
Алматы облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облыстық ПД табиғатты қорғау инспекторынан құралған топ бір сәтте су мен құрлықта қатар жүріп, қаскөйлерді қолға түсіруге кірісті. Төрт күнге жалғасқан толқын толастағаннан кейін, көлдің беті қаптаған қайыққа толып кеткен. Браконьер жігіттер алаңсыз ау салуға шығыпты. Олар инспекторларды көргенде айдынның бетінде қайықтардың «жарысы» басталып кетті.
«Әне, қаптап жүр. Оннан астам қайықты санадым. Олар өте көп. Ұстатпай мазақ қылады. Бір-екі инспектор, қорықшының шамасы жетпейді. Қорқытады. Олар біздің балықшылардың құрған ауын қиып, су түбіне жібереді», - дейді №2 аумақтың қорықшысы Юрий Ткаченко.
Өмірін табиғатты қорғау саласына арнаған ардагер қорықшының айтуынша, көлдің түбі қытайдың ауына толы. Тазартып жатқан жан жоқ. Тіптен тойымсыз қаскөйлер жүздеген метр ұзын торды тастап кете береді. Ал, одан қанша балықтың қырылып жатқаны белгісіз. Бүгін көл бетінде қиқу салған браконьерлердің тек үшеуі ғана қолға түсті.
Ұсталғандардың өз ісіне өкінгені байқалмайды. Түк болмағандай сұхбаттасып, күніне қанша келі балық аулайтындарын да айтып берді.
«Жарты сағат қуды. Қаштық. Қуып жете берсе де ұстатпадық. Алдымыздан шықса, артқа бұрылып қаштық. Көлдің арғы бетінен келдік. 17 шақырым осы жерден. Біздің жер емес екенін білеміз. «Көлді» деген ауылда тұрамыз. Тіршілік осы. Ауылдағы 150-дей үйдің тек оншақтысы ғана мал асырайды. Қалғанының бәрі балық аулайды. Бір күнде 800 келі балық аулап, екі рейс жасаған уақыттар та болды. Көксерке балығының бір келісін осында 850 теңгеден өткіземіз. Табыс жақсы. Бүгін ұсталып қалдық. Сөйлесіп, шешейік десек көнбей тұр», - деді инспекторлардан айласын асыра алмаған Елдар Базарбаев.
Қапшағай көліне құятын Іле өзенінің сағасында жыл он екі ай балық аулауға да, адамдардың жүруіне де тыйым салынған. Бірақ, балықтың көп шоғырланып, ұрық шашатын жерін жақсы білетін браконьерлер бұл аумақтан да табылады. Инспекторлар қытай ауын құрып, ұсақ балықтарға дейін қырып тастайтын браконьерлердің әбден басынғанын айтады. Әсіресе, жас жігіттер табиғатқа аяушылық танытпай, тек бір күндік пайда табуды ғана ойлайды дейді.
«Бүгін жабылып жүріп үшеуін ғана ұстадық. Көрдіңіз, қанша браконьер қашып кетті?! Көбі ұстатпай кетті. Олардың қайығы жаңа, моторының күші көп. Бұл жақта браконьерлер өте көп. Төменгі Іле, Алакөл инспекциясы бірігіп шықтық осы рейдке. Егер жалғыз шықсақ мүлдем бой бермейді. Біреуін ұстасақ, 10-15 браконьер бір-біріне хабар беріп, лезде жиналады. «Бөгет жасама, болмаса қайығыңды аударып, суға батырамыз» деп қорқытады», - дейді Қапшағай инспекциясы бөлімінің жетекшісі Валерий Шель.
Инспекция басшыларының айтуынша, Алматы облысында инспекторлар жетіспейді. Облыстың аумағы 22 миллион шаршы метр. Өлкеде 2 қорық, 5 ұлттық парк, 120-дан астам ау тоқу және 40-тан астам балық шаруашылығы бар. Оның сыртында үлкен су айдындары, таулы-орманды жерлер тағы бар. Кең өлкені кезіп күзететін инспекторлардың саны – 62 адам. Талап бойынша, бұндай аумақтың аңы мен жануарын кемі 150 инспектор күзетуі керек.
«Рейдті күнде өткіземіз. Бүгін үш дерек тіркелді. 300 келіден астам балық тәркіледік. Бұл күнделікті болып жатқан шара. Бүгін үш факті анықталды. Олардан 300 келіден астам бағалы көксерке балығы тәркіленді. Көксерке экспортқа шығарылады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 335 бабымен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) іс қозғалды. Біздің қайықтарымыз 50-60 аттың күші шамасында. Оларда 100-150 аттың күшіне пара-пар жаңа қайық болғандықтан ұстатпайды. Өзара байланыстары да мықты. Инспекторларды қоршап, 15-20 қайықпен жиналып, ұрып кетеді. Бірден мылтық ата алмаймыз. Алдымен ауаға ату керек, содан кейін барып қайыққа немесе көлігіне ата аламыз», - дейді Алматы облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Аян Бахиянов.
Мемлекетке келтірілген залал 100 АЕК көлемінен асып кетсе қылмыстық іс қозғалады. Жолы болмаған балықшылардың алдағы тағдырын енді Қапшағай қалалық соты шешеді. Сондай-ақ, олар құны 2 миллион теңге тұратын қайығынан айрылды. Браконьерлердің айтуынша, ауылда балық аулаудан басқа айналысатын кәсіп жоқ.
«Бала-шағамды асырап бересіңдер бе? Көріп тұрсың ғой, бір апта жинаған балықтың бәрін алып алды. Ау қымбат. Шығынға баттық. Балықшылардың қасында жүріп көріңдерші. Еріккеннен жүрген жоқпыз. Балық аулаумен айналысқаныма 30 жыл болды. Ауыл тұрғындары осымен күн көреміз», - дейді үстінен қылмыстық іс қозғалып, қайығынан айрылған Мұрат Жұмаеев.
Биыл облыста 500-ден астам заң бұзушылық тіркелсе, оның тек 11-і ғана қылмыстық сотқа жеткен. 6 миллион теңге айыппұл салынып, 5,8 миллионы мемлекетке төленген. Браконьерлерден келген залал көлемі 50 миллион теңгеден асады. Инспекторлар аң аулаумен рұқсатсыз айналысатындар жаңа заңдағы жазадан да сескенбей отырғанын айтады. Табиғаттың жанашырлары бастарын қатерге тігіп, браконьерлерді қолға түсірсе де, сот қаскөйлерді қатаң жазаламайды. Судьялар айыппұл салып, құрал-саймандарын кері қайтартып береді екен.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы