$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.04.2021, 13:29
Жаңалықтар

Жайылымдық жер мәселесін қысқа мерзімде шешуге барлық мүмкіндік бар – Күрішбаев

Жер комиссиясының мүшесі 185 млн гектар жайылымдық жеріміз бола тұра, малды аш қалдырудың кешірілмейтін әрекет екенін айтты

Жайылымдық жер мәселесін қысқа мерзімде шешуге барлық мүмкіндік бар – Күрішбаев
Фото: livingasia.online

Жер реформасы жөнінде комиссияның кезекті отырысында Экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі – ауылдық жерлерде мал жайылымының жетіспеушілігі. Статистикалық деректер бойынша ауылдарда мал шаруашылығы өнімінің 66 пайызы өндіріледі. Мал басының 60 пайызы ауылда болса да, ауылдық жерлер мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр.

«Өздеріңізге белгілі, ауылдағы ағайынның күнкөрісі де осы малға байланысты. Өкінішке қарай, бұл орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, ешқандай технологиялық процестерге тартылмай отыр. Мамандардың есебі бойынша, егер біз тек қана мал азығының сапасын көтерсек, елді мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігі кем дегенде 30 пайызға артады. Жұмыс тобының мамандары бұл мәселеге байланысты біршама ұсыныстар енгізді. Оның ең маңыздысы – пайдаланылмай жатқан жерлерді елді мекендерге қайтару. 29 млн гектар жайылым жетіспейді. Ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда 33 млн гектар жайылым игерілмей жатыр», - деді А. Күрішбаев.

Спикер Жер комиссияның өткен отырысында орман қорларында ерекше қорғалатын аймақтар шегінде 10 млн гектар жердің тиімсіз пайдаланып жатқаны айтылғанын еске салды. Ол жер қайтарылу мәселесінде жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға ешқандай қысым болмауы керек, оларға басқа жайылымды жерлер беріп, жұмсаған шығынын өтеп беру қажет дей келе, ауылдардың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету маңызына тоқталды.

«Біз ауылдарды қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін кооперативтер құрып, жаңа фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруымыз қажет», - деген Ақылбек Күрішбаев жұмыс тобында жайылым туралы заңды күшейту, қосалқы шаруашылық туралы арнайы заң қабылдау ұсыныстары айтылғанын жеткізді.

Сөзін қорытындылай келе, спикер мемлекеттің осы мәселені қысқа мерзімде шешуге барлық мүмкіндігі бар екенін айтты.

«185 млн гектар жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы ел бола тұра, ауылдық жердегі малды аш қалдыру – кешірілмейтін әрекет. Аталған мәселені шешуде барлық деңгейдегі әкімдерге саяси ерік пен табандылық керек. Тіпті, бұл жұмыс әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіші болуы керек деп санаймыз. Осы іске мемлекеттік аса маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз, өйткені сол ауылдарда тұратын көпшілігі – өзіміздің қазағымыз», - деді Кұрішбаев.

Серіктес жаңалықтары