Нұр-Сұлтанда бірқатар жаңа нөсер кәріздері салынады
Астанада жауын-шашын көп болған кезде су астына кететін бірқатар проблемалық учаскелер бар
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елордада нөсер кәрізінің проблемасы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты жеткіліксіз екенін ескере отырып, жаңа нөсер кәріздерін салу, коллекторларды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Кеше қаланы аралау барысында бірқатар нысандарға бардым. Олар бойынша шешім қабылдау қажет болды.
Мысалы, Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі) сорғы стансалары бар нөсер коллекторының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Соңғы жылдар ішінде оның функциясын бірнеше рет істен шыққан тұрмыстық кәріз жүйесі атқарды. Осылайша нөсер жауын өткізу қуатын бірнеше есеге арттырып, жақын орналасқан көшелер мен үйлерді су басудан сақтайды.
Жаңа вокзал ауданы жыл сайын инфрақұрылымға, инженерлік желілерге (су, электр энергиясы, кәріз және т. б.) жүктеме артатын салынып жатқан ауданға жатады. Сол ауданда нөсер кәрізінің құрылысын қайта бастауды тапсырдым. Нөсер кәрізінің қуаты Мыңжылдық аллеясы және вокзал ауданындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындар мен объектілер санының көбеюіне байланысты одан әрі жүктемелерді ескере отырып есептеледі.
Сондай-ақ Ұлы Дала даңғылында орналасқан нөсер кәрізінің проблемалық учаскесін аяқтау қажет.
Сонымен қатар жауын-шашын көп болған кезде су астына кететін бірқатар проблемалық учаскелер бар: бұл - Б.Момышұлы даңғылы, "Молодежный" шағын ауданы және т. б. Олар бойынша құрылыс осы жылы аяқталады.
Осылайша нөсер кәріздерінің бірқатар проблемалық мәселелері шешіледі. "Молодежный" шағын ауданындағы тазарту құрылысының үстінде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген алаң болады.
Осы бағыт бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргіземіз», - деп жазды қала әкімі.