ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

COVID-19: Алматыда жамағатпен намаз оқылмайды

Уағыз-насихат жұмыстары онлайн түрде өтеді

Фото: ашық дереккөзден

Пандемияға байланысты мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында мешіттерде жамағатпен намаз оқылмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай сөз сөйледі. Ол ораза ұстаудың рухани  мәні әрі коронавирус кезіндегі сақтық шаралары туралы айтты.

Алматының бас имамы мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады.

«Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан айтып, оразаны ерекше қабылдап, насихаттаған», - деді Е. Шоқай.

Имам мұсылмандардың ораза ұстау парызы жайлы әңгімеледі. Сонымен бірге, биыл қасиетті Рамазан айының 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатынын хабарлады. Бұл шешім Орта Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының арқасында қабылданған. 

Алғашқы тарауық намазы 12 сәуір күні оқылады. Биыл да қалада эпидахуалдың күрделенуіне байланысты мешіттерде жамағатпен тарауық намазы уақытша оқылмайды», - деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.

Қадір түні биыл 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні болды.

«Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап онлайн режимде жүреді, қаладағы танымал қарилар Құран хатымды онлайн оқиды. Әлеуметтік желідегі Азан.кз парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады. Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады», - деді имам.

Сонымен бірге, Еркінбек Шоқай қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандар «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауыз ашар қоржыны» атты акциялары аясында ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне жеткізілетінін айтты. Бұл шара еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы жасалады.

Сонымен бірге, қасиетті айда «Рамазан керуені» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.  

«Намаз оқып үйренейік», «Құран оқып үйренейік», «Қош келдің, Рамазан», «30 күнге 30 уағыз», «Бас имам мінбері» айдарымен қала мешіттерінің әлеуметтік парақшаларында онлайн дәрістер мен мешіт жамағаты арасында «Раббым, білімімді арттыр» сынды интелектуалды білім сайыстары өтеді», - деді іс-шаралар күнтізбесімен таныстырып өткен имам.

Еркінбек Шоқай шариғат және пәтуа бөлімі биылғы пітір садақа көлемін 420 тг етіп бекіткенін хабарлады. Бұл еліміздегі 2 кг ұнның орташа бағасына сай. Сонымен қатар пітір садақасын мейізбен берем дегендер үшін 3580 тг, құрмамен есептесе 7300 тг. Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын және үлкен жастағы қарт кісілерге оразасы үшін фидия құны 2500 тг деп бекітілді.

«Пітір садақасын мешіттерге келіп берумен қатар, kaspi.kz қосымшасы арқылы да беруге болады. Қала мешіттерінде Kaspi QR қойылды», - деді имам.