ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Биыл үздік 50 ғылыми қызметкерге 5 млн теңгеден сыйақы тағайындалады

12 сәуір – Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні

көрнекі фото: bilimdinews.kz

12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылым саласында жетістіктер көп екенін, сондай-ақ проблемалар да жоқ еместігін айтты.

«Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз», - деп жазды министр.

Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек 2020 жылы 5 конкурс өткізілгенін атап өту қажет.

«Тағы бір маңызды жайт, 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар – коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б гранттар. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр.

Былтыр БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді.

«Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз», - деп тоқталды министр.