Ережелер өзгерді: магистратура мен докторантураға қашан өтінім беруге болады
Министрлік ғылыми дәреже алуға қажетті халықаралық сертификаттар тізімін ұсынды
Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап докторантураға қабылдау емтиханы электрондық форматта жүргізілетінін мәлімдеді. Үміткерлер компьютерде отырып эссе жазады, докторантурада оқуға дайындығын растау үшін тест тапсырады және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Биыл докторантураға түсу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электрондық форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылған болатын. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. Болашақ докторанттар жоо-лар бекіткен тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығы болып табылады», – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураның білім беру бағдарламаларына түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады.
Ал магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер қабылдау 1 маусымда басталмақ.
«Магистратураға кешенді тестілеуге өтініш ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым-15 шілде аралығында қабылданады. Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тестіленушінің жеке кабинеті арқылы беріледі.
Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Араб тілі бойынша және шығармашылық емтихандар 16-25 шілде аралығында өтеді. Магистратураға қабылдау 28 тамызда аяқталады», - делінген БҒМ хабарламасында.
Сондай-ақ министрлік магистратура мен докторантураға түсу үшін қажет халықаралық сертификаттар тізімін ұсынды.
Яғни, магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады.
Ал докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат міндетті саналады.
Сонымен қатар Duolingo English Test 2021-2022 оқу жылына магистратура мен докторантураға түсу кезінде шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттар тізімінен шығарылады.