ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан бір тәулікте 32 қазақстандық қайтыс болды

Президент Алтай Көлгіновке қаланы газдандыру мәселесін шешуді тапсырды

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады

Фото: akorda.kz

Нұр-Сұлтан әкімі Мемлекет басшысына елордадағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина салу шаралары жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар коронавирусқа қарсы екпені тезірек алған жағдайда ғана қоғамдық орындарда бір-біріне қауіп төндірмейтінін, бизнес жандана түсетінін, қызметкерлердің жұмыс орындарына алаңдамай баруына және халықтың қалыпты өмірге қайта оралуына толық мүмкіндік болатынын айтты.

Президент тұрғындарға вакцина салуды уақытылы және жаппай ұйымдастыру, эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, халықтың денсаулығын сақтау жөнінде қала әкіміне тапсырма берді.

Мемлекет басшысына қаладағы халық санының артуына байланысты білім беру ошақтарын салу арқылы үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу, кезекте тұрған азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берілді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қаланы газдандыру мәселесін шешуді, инвестиция тартуды, Жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыруды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды.